Ақтөбелік аналар су тасқынынан ауылды аман алып қалған азаматтарға құрмет көрсетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйлыс ауылының аналары, келіндері су тасқыны кезінде бөгетті бекітіп, екі ай бел жазбай жұмыс істеген әскерилерге, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен ер азаматтарға құрмет көрсетті.

дамбы
Фото: ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімі

Ырғыз ауданы Құйлыс ауылында су тасқынына қарсы күрес жұмысы 4 сәуірден бастап жүрді. Ал әскерилер Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарына 30-сәуір күні жетіп, әлі күнге дейін бөгетті бекіту жұмысын жүргізіп жатыр. 

- 30 сәуір күні 46 адам шықты. Содан 20 сәуір күні 20 әскери қызметшіні 20 әскери қызметші ауыстырды. Арасынан қалаға келіп, қауырт шаруасын реттеуі тиіс қызметкерлер таңдалды. Ал 21 мамыр күні тағы 15 адамды жібердік. 28 маусымда сол 15 адамның орнына 15 қызметші Ақтөбе қаласына келді. Ол кезде де ауылға бірінші барғандар арасында іріктеу жүрді. Қазір жағдай тұрақты. Ырғыз ауданының әкімі апта соңына қарай ауылға барып, су деңгейін, бөгеттің жағдайын қарап, шешімін айтады. Қазір ол жақта 46 әскери қызметші бар. Бәрі мектепте орналасқан. Ас-суы жергілікті мейрамханада беріледі, - деді ҚР ТЖМ 20982 әскери бөлімі командирінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Жасұлан Өтеуов. 

Оның айтуынша, қазір Ырғыздың Жайсаңбай ауылында 16 әскери қызметші бар. Бәрі де 30 сәуір күні бөгетті бекіту жұмыстарына жіберіліп, ауылға қатынас үзілгенде сонда қалған. 

Бүгінде Құйлыс ауылында 500-ден астам адам тұрады. Көктемгі су тасқыны кезінде мұнда ұзындығы 4 шақырым, биіктігі 3,5 метр болатын бөгет салынды.

- Аудан әкімі келіп, шешімді бірлесе шығарамыз. Қазір су келу қарқыны басылды. Күніне 2-3 см төмен түсіп жатыр. Бүгінге дейін 25 см түсті. 1 маусымнан бастап қарттар, мүгедектер, әйелдер мен балалар ауылға келді. Ауылда бөгет салу жұмысы толық бітті. Қатты дауыл күндері толқынмен шайып, құлатқан бөліктері қайта бекітіліп, қалпына келтірілді. Бүгін бұл жұмыс аяқталды, - деді Тәуіп ауылдық округінің әкімі Камал Тілеужанов.

Ауыл әкімі бұған дейін 3 әскери қызметкердің еңбегін бағалап, 3 алғыс хат берді. Ертең тағы 15 қызметкерге ризашылығын білдірмек. Ал бүгін ауылдағы аналар дастархан жайып, алғысын білдірді. 

- Құйлыс ауылынан адамдар 14-19 сәуір аралығында көшірді. Алдымен науқас адамдар, көпбалалы отбасылар аудан орталығындағы эвакуациялық пунктке орналастық. Тамағымызды уақытылы берді. Өзім мұғаліммін. Оқу процесі тоқтамады. Ал ер адамдар екі ай бойы күн-түн демей бөгет салды. Дауыл кезінде бөгет бірнеше рет бұзылып, әбігерге салғаны рас. Қиындықтың бәрі артта қалды. Ауыл қалыпты, балаларымыз көшеде асыр салып жүр. Азаматтарымызды, ошағымызды аман-сау көрдік. Мұны айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгін ауылдың аналарынан атынан алғысымызды білдірейік деп дастархан жайдық. Елімізге аман-сау оралғанымызға шүкір дейміз, - деді Құйлыс ауылының тұрғыны, мұғалім Мейрамгүл Сатаева. 

Еске салсақ, Құйлыс ауылында мыңдаған қапқа құм салынып, бөгет екі ай бойы бекітілді.

Мұнда дауылды күні жағдай қиындап, ауылдың ер азаматтары, әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері түнде де жұмыс істеді.