Ақтөбелік аудиторлар жұмыс істемеген күндеріне де жалақы алған қызмеркерлерді анықтады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Жайсаң арнайы білім беру ұйымында қызметкерлер жұмыс істемеген күндеріне де жалақы алып келген. Ал Мұғалжар ауданында әкімдік 5 ауылды интернетпен қамту үшін ақшаны алдын ала бөліп, жұмыс кеш іске асырылған.

Аудит бизнес экономика сатистика
Фото: Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті алғашқы жартыжылдықты қорытындылады. Жылдың алғашқы 6 айында 91 аудиторлық тексеру жүргізді. 

- Алғашқы жартыжылдықта 418 млрд теңгеге жуық соманың 16 238 лоты мен жоспар тармақтары қамтылды. Барлығы 2 406 лот бойынша 43 млрд теңгеге бұзушылықтар аңықталды. Департамент хабарламаларды уақтылы немесе тиісті түрде орындамағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462 бабы 3-бөлігіне сәйкес 8 лауазымды тұлғаға қатысты 12 хаттама толтырып сотқа жіберді. Барлық хаттама бойынша лауазымды тұлғалар кінәлі деп танылып, айыппұл салынды. Сонымен бірге департаментке «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 1580 өтініш келіп түсті, - деді Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов. 

Деректерге сүйенсек, Ақтөбе облыстық білім басқармасына қарасты Жайсаң арнайы білім беру ұйымында қызметкерлер жұмыс істемеген күндері үшін де жалақы алып отырған. Шығын 19 млн теңгеге жуықтайды. Тексеруден соң мекеме басшысы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары және бас есепші тәртіптік жауапқа тартылып, ақша түгел бюджетке қайтарылды. 

- Тексеру кезінде Мұғалжар ауданы Ащысай ауылдық округінің Сабындыкөл, Ащысай, Ақсу ауылдарында және Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округі Қаракөл және Жаңатұрмыс ауылдарында GPON технологиясының талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары орындалмаған болып шықты. Ол үшін әкімдік 69, 5 млн теңге бөліп қойған. Бүгінгі күнде талшықты-оптикалық интернет желілерін жүргізу жұмысы толық аяқталды. Ал Мәртөк аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылыр көлігі және автомобиль жолдары бөлімі Шевченко, Қызылжар, Мартук, Дмитриевка, Достық ауылдарына кіреберіс жолында арка жасау және орнатуға тапсырыс берген. Қарап, тексеру кезінде Мәртөк және Достық ауылдарына кіреберіс жерде арканың жарты қаңқасы ғана орнатылғаны анықталды. Ал қалған ауылдарда арка орнатылмай, 2,8 млн теңге мердігерге аударылған. Іс бойынша талап арыз сотқа жолданды. Сотта қаралып жатыр, - деп хабарлады Сәкен Қасымов.

Сондай-ақ аудиторлық тексеру кезінде құрылтайшының рұқсатын алмай Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы директорлар кеңесінің басшысына пәтер жалдау үшін 4 млн теңге аударылған. Қаржыны бюджетке қайтару үшін Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап арыз берілді.

Соңғы жаңалықтар