Ақтөбелік азамат ілмек пен жіптен түрлі бұйым тоқиды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Балалар үйінде тәрбиеленген Темірхан Иманғазин қазір ілмекпен түрлі бұйым тоқиды. Шебер Наурыз мерекесінде тапсырыстың арта түскенін айтты.

Темірхан Иманғазин бұрынғы Алға балалар үйінде тәрбиеленді. Балалар үйінде жүріп-ақ 10 жастағы жасөспірім еңбек пәні мұғалімінің үйреткенін іліп алып, ілмекті серік етті. Алғашында шағын дүниелер, кейін сәнді бас киім, мойын шалғы тоқыды.
— Тоқыған кезде адамның жаны тынышталады. Жүйкеге салмақ түссе, тоқып, ойға шомылған ұнайды. Мұны қыздардың ісі дейтіндер де табылады, айтылады. Оған мән бермеуге тырысамын. Әрине, алғашында «дұрыс емес шығар» деп ойладым. Бірақ ер балалар да тігіп, тоқи алады. Өзім түрлі, қанық түстерді ұнатамын. Бұйымдарды тоқыған кезде де түрлі түсті қолданамын. Қазір тапсырыстар түсіп жатыр, - деді Темірхан Иманғазин.

Ол алғашында ұстазынан тәлім алса, қазіргі кезде әлеуметтік желіні пайдаланады. Ойы зерек шебер бейнесабақтарды көріп-ақ айна қатесіз қайталап тоқиды, кейде өзінің ойына ерік береді.

Қолөнер шебері қазір «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрады, тұрақты жұмысы да бар. Тоқу хоббиі, бірақ кәсіпке айналдырғысы келеді.
— Наурыз мерекесіне орай бас киімге тапсырыс түсті. Негізгі жұмысымды жасап келемін, кейін тоқып отырамын. Бір бас киімді 30 минутта, кейде 1 сағатта тоқып шығамын. Алдағы уақытта үйленіп, келіншегіме, қызды болсам, қызыма үйреткім келеді. Тіпті тәжірибе жинап, аяқ киім, шәлі, түрлі киім тоқығым келеді. Сөйтіп шағын дүкен де ашпақ ойым бар, - деді Темірхан Иманғазин.

«Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының педагог ұйымдастырушы Дария Абдуллинаның айтуынша, Темірхан Иманғазин өте мейірімді, аққөңіл әрі спортпен де шұғылданады. Орталықта 44 тәрбиеленуші болса, оның 11-і студент, қалғаны жұмыс істейтін жастар.
Бұған дейін Ақтөбеде 90 жастағы әже іс тігіп, тары қайнататынын жазған болатынбыз. Батыр ана Бибіжан Кәдірбайқызы 36 жасында жесір қалып, 9 баланы өзі жеткізді. Бар болғаны 7 сынып оқып, 20 жыл бойы қой баққан.