Ақтөбелік бапкер чемпиондарды дайындау сырымен бөлісті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Өзбекстанда жастар арасында өткен Азия біріншілігінде ақтөбелік дзюдошылар Қазақстан рекордын жаңартты. Ақтөбе атынан құрамаға іліккен үш балуан да жеңімпаз атанды. Бапкер Бекжан Абдуалиев чемпиондар жүрген жолдағы қиындықтар мен оларға жасалған жағдай туралы айтып берді.

«Жастар» облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі талай чемпионды тәрбиелеген қарашаңырақ. Самбо, дзюдо күресінің балуандары дәл осылай айтады. Мұнда бір кездері облыс әкімі Асхат Шахаров, сонымен бірге Рустам Ибраев секілді ел намысын қорғанан атақты балуандаржаттықты. Қазір де ақтөбелік самбошылар мен дзюдошылар елімізде үздіктер қатарында тұр. Бұл бапкерлер мен спортшылардың ортақ жеңісі, тынымсыз еңбегі. Күн тәртібіне үңілгенде олардың қатаң ережеге бағынатыны көрініп-ақ тұр. Аптаның алты күнінде жаттығу өтеді. Сәрсенбі және сенбі күндері тек түске дейін екі сағаттан оқу-жаттығуға қатысса, өзге күндері таңертең екі, кешке екі сағат тер төгеді. Екі аралықта спортшы тамақтанып, ұйықтап, тынығуы шарт. Сонымен бірге кешкі сағат 22:00-де түнгі ұйқыға жатуы тиіс. Бапкер Бекжан Абдуалиев алдына іріктеліп келген әр балуанға әп дегеннен осыны түсіндіріп, ұғындырып, миға құяды. Ағынға ілескені бірден замандастарының қатарына қосылып, өз арманы, ел намысы үшін тер төгеді.

Балуаннан бапкер шықты
Бекжан Абдуалиев Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектепте оқыды. 7-сыныпта оны әкесі «Жастар» балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне әкеліп, спортшылар қатарына қосқан. Содан бері осы жерде өсіп, өніп, соңғы бес жылда бапкерлік қызметті атқарып жүр. Ол – Ақтөбе облысындағы жастар құрамасының бас бапкері.
– Мектеп бітірген соң колледжде «қаржыгер» мамандығында оқып, кейін Ақтөбе экономика және статистика институтына түстім. Оралдағы университеттің дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын да бітірдім. Үш дипломым бар. Осы аралықтың бәрінде мен спорттан қол үзген жоқпын. Самбо, дзюдодан спорт шеберімін, Қазақстанның жеңімпазымын. Спорттағы мансабымды 2019 жылы аяқтап, жаттықтырушы болып жұмысқа кірістім. Өзіміздің ағайымыз Алтынбек Джиембаев бапкерлікке қалдырды. Содан бері бес жыл болды, осы залда жұмыс істеп келе жатырмын. Ал 2020 жылы бас бапкер болдым,- деді ол.
Бекжан Абдуалиевтің жүрген жолын саралап, тізбектеп шығуға болады. Ол талай рет Қазақстан, әлем чемпионттарына қатысты, ел намысын қорғады. 2012 жылы дзюдодан, 2015 жылы самбодан Қазақстан чемпионы болды. Бірнеше рет Қазақстан жүлдегері атанды. Ұлттық құраманың да белді мүшесі болды. Қазір артынан ерген ақтөбеліктердің олипм шығын бағындыруы үшін бар ақыл-ойын, күш-жігерін салып жүр.
– Қазір 40-қа жуық жас спортшы жаттығып жүр. Кішкентайы 8 жаста. Ал үлкендері студент, болмаса жұмыс істейтін жастар. Ақтөбенің дзюдодағы ең мықтысы осы жерде деп айтуға толық негіз бар. Негізі дзюдо мықты дамып кетті. Әлем бойынша 100-ден астам ел балуанын дайындап, жарыстарға қатыстырып жүр. Даму жағынан футболдан кейінгі екінші орында. Осыдан-ақ бәсекелестіктің қаншалықты жоғары екенін біле беріңіз. Мұнда күш те, ақыл да, ептілік те, шыдамдылық та керек,- деді ол.
Бекжан Абдуалиев осы қасиеттердің бәрін бүгінгі жастардан көре білді. Нәтижесінде Қазақстан бойынша ақтөбелік команда екінші орын алды. Енді келесі жарысқа бір салмақтан төрт балуан қатысады.

Рекордтық жеңіс
Жастар арасында өткен Азия біріншілігіне Ақтөбе үш балуанын апарды. Олар 66 келіде Жанарыс Рахметқали, 73 келіде Әділет Алмат, 81 келіде Нұржан Бейсен. Үшеуі де чемпион атанды. Бір облыстан үш салмақта үш спортшының қатысқаны – үлкен жетістік. Үшеуі де чемпион болды. Басқа облыс тарихында мұндай мүлде тіркелмеген.
Чемпионның бірі Нұржан Бейсен спорт залына екінші сыныпта барды. Ағасы жетектеп апарып, кішкентай балуандар қатарына қосты. Кейін мектеп бітіріп, спортшыларға арналған мектеп-интернат-колледжге оқуға түсті. Биыл қолына диплом алуы тиіс.
– Кішкентай кезімде жаттығуға баруға ерінетін күндерім болды. Бірақ ағам қатарға қосты. Содан бері жаттығуды үзбедім. Арнайы мектеп-колледжге түскенде бар күшімді салдым десем де болады. Таңертең сағат 10-нан бастап екі сағат жаттығамыз. Кейін тамақтанып, ұйықтап, кешкі 18:00-ден бастап екі сағат жаттығамыз. Жетістігім бар. Кадеттер арасында Қазақстан чемпионы болдым. Ересектер арасында үшінші орын алдым. Кейін жастар арасында Қазақстан чемпионатына қатысып, екінші орын алдым. Португалияда екінші орын, Алматыда өткен Азия кубогінде екінші орын иелендім. Ташкентте Азия чемпионы атандым. Бұл жарыс өте мықты өтті. Финалда кездескен балуанмен бұған дейін екі рет алаңға шығып, жеңіліп қалған едім. Бұл жолы оның туған жерінде ұтып тұрмын,- деді ол.
Спортшы бапкерінің ақыл-кеңесін түгел орындауға тырысады. Әрі бақылау да қатаң. Шаршап жүргеніңді, ұйықтамағаныңды бірден сезіп қояды бапкер.
– Бапкеріміз жаттығу кезінде қиналсаң, бірден біледі. Сондықтан режимді сақтаймыз. Бос уақытта аңға шығып, балық аулағанды жақсы көремін. Кейде әкеммен бірге шығып тұрамын. Негізі біз тек жексенбі күні демаламыз. Өзгесінде жаттығу, жарысқа дайындық болады. Көбіне Ақтөбеде емес, оқу-жаттығу жиынында жүреміз,- деді Нұржан Бейсен.
Ал Әділет Алмат Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылынан. Қазір ол да Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып жүр. Биыл қолына диплом алатын жас балуан әрі қарай да білімін жетілдіріп, жоғары оқу орнына түсуді армандайды. Арманының ең үлкені – олимп шыңын бағындыру.
– Бұл спорт біреуге әдіс-тәсілімен ұнайды. Кейбірі жақсы көретін спортшының күресіне қызығады. Маған дзюдо ұнады. Таза, ерекше. Осы арқылы денсаулығымды жақсарттым, адал дос таптым, ортам өзгерді. Бапкеріміз жақсы тәрбие береді. Талапшыл, бірақ өмірге де бейімдейді. Жетістіктерімді айтар болсам, 2023 жылы наурыз айында ҚР жастар арасында жеңімпаз болдым. 2023 жылы Португалияға барып, Еуропа кубогі жарысында жеңімпаз атандым. Испанияда екінші орын алдым. Қазақстанда жастар арасында Азия кубогі болды, жеңімпаз болдым. Ташкенттегі Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. Жарысқа барар алдында психологиялық тұрғыда да дайындаламыз. Көп ойламауға тырысып, кино да қарап, уақыт өткіземіз. Осыдан екі жыл бұрын спорт шебер атандым. Енді әрі қарай да дайындалып, Олимпиада шыңына жеткім келеді,- деді ол.
Жарыста спортшының бар жағдайын жасаймын – бапкер
Бекжан Абдуалиев бір кездері алаңға шығып, күрескен, қазір бапкерліктің шекпенін киіп, спортшыларға бар жағдайын жасап жүр. Ол спортшылардыңата-анасы, жолдасы, дәрігері, қажет болса аспазы.
– Спортшылар ай сайын қан анализін тапсырады. Сол кезде жетіспейтін дәрумендерді, гармондардағы өзгерістерді біліп отырамыз. Олардың әрқайсысы қандай аанализ тапсыруы керек екенін біледі, ал өзім бәрін тексеріп, қорытындысын шығара аламын. Біздер, бапкерлер психолог, медицина қызметкері, мұғалім, ата-анасы болып алдық. Таяуда Португалияға бардық. Өзіммен бірге қазы алып бардым. Жылқының сортпасын қатырып, оны да алдым. Барған кезде мультиваркаға тамақ істеп беремін. Техниканы да өзіммен бірге ала жүремін. Асханасы бізден алшақ елдерде бұл дұрыс. Ал спортшылар ештеңеге алаңдамайды. Тамағынан бастап, әр қадамын өзім ойластырамын. Мұны бапкер Алтынбек Жиенбаевтан көріп, білдім. Ол кісі осындай нәрсеге мұқият болды,- деді Бекжан Абдуалиев.
Темірдей тәртіп орнату, жеңіске апаратын тура жол. Сол себепті ұйқысы қанбаған спортшыны көзінен танитын бапкер той-думан, отбасылық кештің бәрін ысырып тастауға кеңес береді. Тіпті ауылға бір күнге сұранса да жібермейді. Ата-аналар мұны біледі, олар да бапкердің дегенін екі етпейді.
– Бапкер ретінде өзіме де көп талап қоямын. Ең басты мақсатым - адам қылу, спортшының болашағын бағамдау. Спортшының өзі ғана емес, ата-анасы да риза болғанын қалаймын. Ондай сәт жиі болады. Әлеуметтік желі арқылы да алғысын білдіріп жатады. Бұл әрине қуаныш сыйлайды. Бірақ мен өзімді қиын сәттерге де дайындап жүрмін. Мұны бағаламайтындары да бар. Оны өзге бапкерлердің өмірлік тәжірибесінен көрдім. Өзім әзірге кездестірмедім, бірақ психологиялық тұрғыда дайындалып жүрмін,- деді ол.
Спортшылар кейде оқу орны мен жаттығуды қатар алып жүруді қалайды. Бірақ көбіне бірін құрбандыққа шалуға тура келеді. Мұнда қос тарапты қатар ұстау, ең қиыны.
– Кейбірі жарақатқа байланысты қойып кетеді, кейбірі отбасын асырау үшін басқа жолды таңдайды. Бірақ қазір мемлекеттен қолдау жақсы. Спортшылардың әрқайсысы белгілі бір мөлшерде стипендия, жалақы алып отыр. Мұның өзі кәсіби спортшы болуға септігін тигізеді. Сондықтан чемпиондыққа ұмтылғаны бәрін тастап, тек жаттығумен айналысады,- деді Бекжан Абдуалиев.
Расында кәсіби спортшылар өз денсаулығын құрбан етеді. Олардың тек тәніне емес, жүйкесіне де күш түседі. Сондықтан жаттырушы балуанға уақытылы жаттығу, тамақтану, ұйықтауды міндеттейді. Ал өзгесінің бәрін өзіне артып, балуанның қызметшісі атанады. Таңертең тұрғанда тамыр соғысын айтады, бұл сол күнгі жүктеменің қалай болатынын анықтауға мүмкіндік береді. Жарыс кезінде қарсыластары туралы ақпарат жинап, олардың меншікті, ұтқыр әдістері мен әлсіз тұстарын саралап, алаңдағы қимылын тәптіштеп түсіндіреді. Ал алаңға шыққанда әр спортшының мінез-құлқы мен мүмкіндігіне қарай тапсырма береді. Бірін сөзбен қайраса, біріне сенім артады. Ал тағы бірін үнсіз ұғады.
– Негізі мықты дзюдошы үнемі өз біліктілігін жетілдіріп отыруы керек. Әр спортшының өз шеберлігін көрсететін бірер әдісі болады. Соған қарамастан жаңасын да жетілдіруі тиіс. Әлемдік деңгейге бір-екі әдіспен шығу мүмкін емес, кемі үш-төрт әдіс болуы керек. Мен жас спортшыларды команда қылып ұстауға тырысамын. Таяуда жас балалар пышақ алып шыққан, соңы қайғылы аяқталды. Біз мұнда ондай жағдайға да мән беріп, айтып түсіндіреміз. Осы жердегі адамдар досың, айналаң, жақының деп үйретеміз. Кәсіби спортшымұндай қатыгездікке бармайды. Тіпті түнде сағат 22:00-де хабарлассам, үйде болады. Тексермеймін, бірақ хабарласамын. Жасөспірім кезде бақылау мықты болады, жастар қатарынан өтіп, ересекке ауысқанда тыйым азаяды. Ол кезде спортшы саналы түрде жақсы-жаманды айырады,- деді Бекжан Абдуалиев.
Ақтөбелік дзюдошылар қазір кезекті жарысқа дайындалып жатыр. Жаттығу жүктемесі де көп. Олимп шыңын бағындырамын деген әр дзюдошы сол жүктемеге мойынсұнып, әзірлікке ден қойған.