Ақтөбелік белсенді жастар ауылды сақтап қалудың үлгісін көрсетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қобда ауданы Бегалы ауылының жастары Ақтөбе қаласында тұратын көпбалалы отбасыларды ауылға көшіріп апарды. Бұл мектепті, жалпы ауылды сақтап қалуға арналған қадам.

Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бегалы ауылында қазір 65 үй бар. Бегалы негізгі мектебінде 47 оқушы білім алып жүр. Ауылда мектеп ғимараты ішінде балабақша да орналасқан. Қазіргі кезде бұл білім ордасын сақтап қалуға арналған ең негізгі қадам. Сонымен бірге бір кездері осы ауылда тұрған жастар қазір туған ауылын сақтап қалудың озық үлгісін көрсетіп тұр. Белсенділер бірнеше көпбалалы отбасыны ауылға көшіріп апарды.

- Өзім Бегалы ауылындағы мектепте білім алдым. Ол кезде оқушы көп еді. Ауыл да гүлдеп тұрды. Уақыт өте келе адам саны, оқушылар азайды. Көрсек, жүрегіміз ауырады. Ауылды сол қарпына қайтарып, сақтап қалу үшін үлкендеріміз, жастар бас қосып, кеңес өткіздік. Жан-жақта жүрген жастар бірігіп, ақша жинады. Ауылдағы адамдар мал берді. Бірліктің арқасында екі үй сатып алып, оны жөндедік. Сөйтіп көпбалалы екі отбасын көшіріп әкелдік. Балалар мектепте оқиды, балабақшада тәрбиеленеді, - деді ауыл белсендісі Жеңісбек Еншібай.

Ауылдан ұзап кеткен жастарды үлкендер қолдап, қазір бастама күш ала түсті. Бұған мектеп әкімшілігі дән риза. Себебі 320 орындық мектепті сақтап қалу – ортақ мақсат.

- Биылғы оқу жылында 7 бала келді. Бәріне де мектепте тегін ыстық тамақ беріледі. Сонымен бірге оқу жылы басталғанда қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Бір ата-ана мектепте жұмыс істейді, - деді Бегалы негізгі мектебінің директоры Жайнагүл Даулова.

Ауыл адамдарының шақыруымен келген екі отбасының балалары да қазір жаңа ортаға үйренді. Ал олардың ата-аналары пәтер жағалап жүргеннен, ауылда тұрған әлдеқайда жақсы деп отыр.
- Бегалы ауылына көшіп келгенімізге 3 айдың жүзі болды. Екі балам мектепте, өзгелері балабақшада. Өзім жұмысқа орналастым. Ауыл тыныш, адамдары жақсы. Үйреніп кеттік, «Үй таңдама, көрші таңда» деп айтатын бұрын. Көршілерім жақсы, үш ай болса да осында бұрыннан тұратын адам сияқтымын, - деді Балбике Темірбаева.
Еске салсақ, елімізде 20 жылда 1,4 мың ауыл жойылып кетті.