Ақтөбелік борышкерлердің алимент қарызы 12 млрд теңгеден асты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Бұл сома жыл өткен сайын көбейіп жатыр. Қазір сот орындаушыларының өндірісінде 14 мыңнан астам іс бар.

Ақтөбелік борышкерлердің алимент қарызы 12 млрд теңгеден асты
Коллаж: Kazinform/ Canva

Ақтөбе облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының өндірісінде 16 мыңнан астам іс бар. Қазіргі уақытта оның 4 мыңға жуығы аяқталған. Яғни бұған дейін алимент алып жүрген балалар 18 жасқа толып кеткен. Ал қалған 14 мыңнан астам іс сот орындаушыларының бақылауында. Ақтөбеліктердің 11 мыңнан астамы алиментті жалақыдан өтейді. Өндірілген алимент сомасы 253 млн теңгеден асты. Тағы 3 мыңға жуық борышкер жұмыссыз жүр.

- Жұмыссыз борышкерлер ісі – күрделі мәселе. «Мансап» орталығы арқылы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Барлығы 97 борышкер есепке алынса, 100-ден астамы еңбекке араласты. Олар аз да болса қарызды өтеп жатыр. Сот орындаушыларына іс түскен бойда борышкерлерге жұмыссыз ретінде тіркеуді ұсынады. Өкінішке қарай бәрі бірдей бармайды, тіпті бас тартады. Мәжбүрлеп апарған кезде ғана жұмыспен қамтылып жатыр. Тағы бір өкінішті жайт. Жұмысқа тұрады, бірер айдан соң басшыларымен келісе алмағанын, айлығы төмен екенін, денсаулығы сыр бергенін айтып, кетіп қалады. Өңір бойынша бережақ сомасы 12 млрд теңгеден асты. Бұл тоқсан сайын өсіп тұр. Биыл бір айда ғана төмендеу тіркелді,- деді Ақтөбе облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары Қайрат Танкаев.

Жыл басынан бері 123 борышкер әкімшілік жауапқа тартылған. Яғни бірнеше тәулікке қамауға алынды. Тағы 8 борышкер қылмыстық жауапқа тартылып, бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен бірге мекенжайы белгісіз 140 борышкерге іздеу жарияланып, оның 20-дан астамы табылды.

- Бұрын борышкерлер үш санатқа бөлінді. Әлеуметтік жағдайы жақсы, алимент төлеуден жалтарады. Өз атына мүлік тіркемейді, есепшотында ақша ұстамайды. Бәрін жасырын жүргізеді. Екінші санат – ауыл адамдары. Алимент төлегісі келеді, бірақ жұмысы жоқ. Үшіншіден, үй-күйі жоқ көше кезіп кеткен адамдар. Қазір жұмыссыз жүрген 3 мың борышкердің арасында осы үшінші санатқа жататыны көбейді,- деді Қайрат Танкаев.

Ақтөбе облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Болат Расқалиевтің айтуынша, жеке сот орындаушыларының жұмысына көңілі толмаған адам Ақтөбе облысы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасына шағым түсіре алады. Ал мемлекеттік сот орындаушыларына қатысты арызды облыстық әділет департаменті қабылдайды. Содан кейін ғана әкімшілік шара қолдану үшін іс сотқа жіберіледі.

Айта кетейік, Павлодар облысының прокуратурасы алимент бойынша берешегі бар азаматтардың букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға қатысу фактілерін анықтады. Алимент қарызы бар 279 павлодарлық құмар ойынға 600 млн теңге тіккен.