Ақтөбелік дәрігерлер уақытылы ем жүргізбегені үшін баланың ата-анасына 10 млн теңге төлейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік дәрігерлер қайнаған суға күйіп қалған 5 жастағы қыздың ата-анасына 10 млн теңге моральдық, 1 млн теңге материалдық шығын төлейді. Олар дер кезінде тиімді ем жүргізбеген.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында азаматтық іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2019 жылы туған қыз былтыр маусым айында қайнап тұрған суға күйіп қалған. Оның бөксесі, жамбасы және аяғы күйіп, жедел жәрдеммен аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді.
Термиялық күйік көлемі — 26-28% құрайды. Сол кезде аутодермопластика отасы жасалуы тиіс еді. Алайда қажетті аппараттың, атап айтқанда дерматом аппаратында батареяның қуаты болмаған. Талап қоюшы ауруханадан шығып, Ресей, Түркия және Алматы қалаларындағы ауруханаларға жүгінуге мәжбүр болды. 2023 жылдың 26 шілдесінде Орынбор қаласында ота жасалды. Балаға 7 жасқа дейінгі мүгедектік белгіленді.
— Талап қоюшы ауруханада күйікке қарсы төсек, көп компонентті жақпа, операция жасау үшін дерматом аппаратына арналған батареялардың болмағанын, балаға ауырсынуды басатын дәрі бермей, таңу жүргізілгенін айтып, материалдық және моральдық зиянды өндіріп алу туралы арызбен сотқа жүгінді. Сотта балалар ортопед-травматологі күйік аймағы өмірге қауіпті екенін түсіндірді. Егер операция уақтылы жасалмаса, тыртық қалып, мүгедектікке әкелетінін айтты. Сот сапасыз қызметті ескере отырып, жауапкерден 10 миллион теңге моральдық және 1 098 823 материалдық залал өндірді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар суда жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.