Ақтөбелік дәрігерлер Жаңа жыл түні дүниеге келген сәбилердің аналарын құттықтады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде Жаңа жыл түні 14 сәби өмірге келді. Олардың біріншісі сағат 00:10-да дүние есігін ашты.
Ақтөбелік жас аналарды алғаш боп сол перзентхананың дәрігерлері құттықтады. 2025 жылы сағат 00:10-да Байғанин ауданының перзентханасында қыз өмірге келді.

- Сәбидің салмағы - 2900 гр. Бұл Райымбек пен Гаухардың отбасындағы төртінші сәби. Ал сағат 00:20-да Ақтөбе қаласы Қарғалы перзентханасында ұл өмірге келді. Бұл көпбалалы ананың бесінші сәбиі. Жалпы Жаңа жыл түні өңірде 14 сәби өмірге келді. Оның 9-ы ұл, өзгесі қыз. Шақалақтардың арасында Шалқарда өмірге келген сәбидің салмағы - 4280 гр. Ал сағат 04:55-те Қандыағаш қаласында өмірге келген баланы ата-анасы Ерсұлтан деп атады. Алғаш боп ат берген де осылар. Сәбилер мен олардың жас аналарын алдымен перзентхана әкімшілігі құттықтады,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні 792 ақ халатты кезекшілікке шықты. Оның 200-і аудандарда.
