Ақтөбелік фермерлер ет өткізетін алаң тауып беруді сұрады

ет
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Ақтөбеде мал, егін, сүт шаруашылығымен айналысатын фермерлер жиналып, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен жергілікті әкімдік өкілдеріне ұсыныстарын айтты. Олар жайылым жер, субсидия, жанар-жағармай құны, ет өткізу, технопаркті жаңарту жолын сұрап, Агробанк ашудың тетігін ойластыруды жөн санады, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық орталығына 200-ге жуық шаруа жиналып, Астанадан келген ведмоство өкілдеріне бірнеше ұсынысын айтты. Шаруалар қала маңынан ғана емес, аудан, ауылдардан арнайы келді.

- Менің екі сұрағым бар. Ел заңнамасына сай Қазақстанда құрастырылған ауыл шаруашылығы техникасына 30%, ал шетелден әкелінген тракторларға 15-25% субсидия қарастырылған. Егер біз отандық өнімді қолдасақ, сапасына мән беру керек. Барлық бөлшектері де елімізде шығарылса дейміз. Сонымен бірге суармалы егістік еліміздің болашағы. Бұл бағытта несие шаруаларға тікелей берілгенін қалаймыз. Өзім де осы бағытты таңдаған едім. Шынымды айтқанда техника іске аспай, тек несиені төлеп отырмын. Жерасты суларын да қолданған дұрыс, тек қар мен жаңбыр суын жинамай,- деді Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының шаруасы Нұртай Малаев. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің сарапшысы бұл жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.

фермер
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Шаруа техниканы өзі таңдайды. Шетелдің бір техникасын алған тиімді ме, елімізде шығарылып жатқан бір жарым, кейде екі техниканы алған тиімді ме? Сұраныс бар. Біз субсидияны көтерген сайын шетелден әкелінетін техника бағасының да өсіп жатқанын көріп отырмыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі бәрін саралап отыр,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бас сарапшысы Мақсат Садуов. «ҚазАқроҚаржы» АҚ-ның өкілі диллерді тіркеу құзыретіне кірмейтінін айтты. Елімізде шаруалар екі жолмен технопаркін жаңарта алады. Бірінші жолы ресми диллер арқылы сатып алып, «ҚазАқроҚаржы» АҚ-нан лизинг алу. Өзгесі екінші деңгейді банктен несие алып, шаруа өз бетімен әкеле алады.

фермер
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Ал субсидияға келер болсақ, республикада 155 миллиард теңге ақша тапшы.

- Биыл өсімдік шаруашылығына 30, мал шаруашылығына 30 млрд теңге бөлінді. Тағы 30 млрд теңге инвестсубсидияға жұмсалады. Сөйтіп 90 млрд теңгені үкімет тарапынан бөліп отыр. Қалған қаржы келер жылы беріледі. «Сусидия уақытылы берілмейді, шаруаларды пайыздық үстемеақысы өсіп кетіп тұр. Шаруаларға 6% несие тікелей беру» деп шаруалар айтып жатыр. Қазір бұл мәселе қолға алынып, сараланып жатыр,- деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Ерлан Ілиясов. Сонымен бірге ақтөбелік шаруалар ет сату нарығын кеңейтуді сұрады. Ерлан Ілиясовтің айтуынша, бұл Астанада талқылайтын жүйелі мәселе. Еліміз тек Өзбекстан нарығына жөнелте алады, өзгесі түрлі карантинге байланысты әзірге тоқтап тұр.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 14,5 млрд.тг қаражат бөлінді. Оның ішінде мал шаруашылығы 6, өсімдік шаруашылығына 1,5 млрд, ал ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 353 млн теңге қарастырылды. Қаржылық құралдарға 5,2 млрд, басқа да бағыттарға 1,4 млрд теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтар
telegram