Ақтөбелік инспекторлар үш ай бойы киік үркітті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбенің Әйтеке би ауданында 10 мобильді топ егін алқаптарын күзетті. Инспекторлардың міндеті киікті үркіту болды.

Өзбекстанға киік беру мәселесі тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді — Экология министрлігі
Фото: Экология министрлігі

«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның инспекторлары, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының инспекторлары, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары мен шаруашылық жұмысшылары күзетті бірге атқарды. Инспекторлар 15 күн сайын алмасып, жұмыс істеді. 

— Киік егін, шабындық, жайылым жерді таптап кетпес үшін аумақтар қорғалды. Көктемде аудан әкімдігі, оның ішінде ауыл шаруашылығы бөлімінің өтінішімен Әйтеке би ауданының 8 шаруа қожалығының жерін мамандар күзетті. Сонымен бірге шаруалар да техника, жұмысшыларын бөлді. Күзет 1 тамызға дейін жалғасты. Тамыздан бастап егін ору жұмысы басталып, техника кірді. Одан кейін біз жүре алмаймыз, — деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділкерей Әуелбаев.

Айта кетейік, Бетпақдала популяциясының Ақтөбе облысы аумағында 300 мыңнан астам киік бар. Ол Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты орналасқан Ырғыз ауданы және Әйтеке би ауданы аумағын қамтиды.

— Әйтеке би ауданында 5 ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының аумағын 10 мобильді топ күзетті. Оларда 14 техника болды. Инспекторлар мен жұмысшылар 15 күн сайын вахталық әдіспен ауысып отырды. Күзет мамыр айында басталып, тамызға дейін жалғасты. Дән сеуіп, орақ түскенге дейінгі кезеңде жұмыс істеді. Ауданда 166 мың гектар егіс алқабы бар, — деді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Даурен Убайдуллин.

Еске салсақ, мамыр айының басында Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» ЖШС-нің директоры Александр Чемоданов егіс алқабына киік кіргенін айтып, көмек сұрады. 

Сол кезде 395 гектар бидай, 746 гектар көпжылдық еркекшөп алқабы тапталғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар