Ақтөбелік кәсіпкер тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға мал және тұқым берді

 Аманғос Төлеуов
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелік кәсіпкер Аманғос Төлеуов су тасқынынан ең көп зардап шеккен Қобда және Ойыл аудандарына 100 тонна бидай, 100 тонна арпа тұқымы мен мал берді.

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қоғамдық қор жұмыс істеп тұр. Сонымен берге жергілікті кәсіпкерлер де көмектесіп жатыр.

- Ұжым көмектесуге шешім қабылдады. Ел үшін еңбек етіп, ауылды да көркейтіп жүрген азаматтарға деп 100 тонна бидай, 100 тонна арпа, 50 тонна судан шөбінің тұқымын бөлу жөн деп санадық. Сонымен бірге 200 қой, 50 ірі қара беріп отырмыз. Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен ақылдаса келе Ойыл ауданына 40 тонна арпа, 25 тонна судан шөбінің тұқымын, 200 қой мен 50 қашарды бөлетін болдық. Қалғаны Қобда ауданына беріледі. Халықты ешкім далада қалдырып жатқан жоқ. Бірінші күннен бастап Президентіміз, Үкімет басшысы да айтып, ел болып көмегін беріп жатыр. “Ешкімді сырт қалдырмаймыз, бәрінің шығынын өтейміз” деді. Бұл үлкен демеу, - деді ақтөбелік кәсіпкер Аманғос Төлеуов. 

Оның айтуынша, бала кезінде Қарғалы ауданына тың игерушілер келген. Бұл 1957 жыл болатын. Сол кезде Аманғос Төлеуовтың әкесі көпбалалы украин отбасына бір бұзаулы сиырын, 4-5 қой берген. Ол әкесінің осы ісін үлгі тұтып, жерлестеріне көмек көрсетуді жөн санады.

- От пен су - тілсіз жау. Су бір-ақ күнде келді. Қар көп болды, тоң қалың, нөсер жауын да жауды. Қазір бәрі артта қалды. Енді зардап шеккендерге қолдау көрсету керек, - деді ол.

Соңғы жаңалықтар