Ақтөбелік мұғалім «Compakt бесік» жасап жүр

бесік
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбелік мұғалім Әлібек Тайман ықшамдалған бесік жасап, тапсырыс қабылдайды. Енді жаңа құрылғы сатып алып, екі күнде бір бесік шығаруды жоспарлап отыр. 

Ақтөбелік мұғалім әрі қолөнер шебері қазір жиналмалы бесік сөзін қолданбайды. Еліміздің өзге өңіріндегі шебер бұл атауды патенттеп алып, кейін оны қолдануға тыйым салған. Сөйтіп Әлібек Тайман жиналмалы сөзін ықшамдалмалы етіп өзгертіп, бесік жасау кәсібіне «Compakt бесік» атауын берді.

— Жұмыс істеп жүріп, қосымша табыс табуға уақыт аз болып жатыр. Бірақ өзім 2019 жылы балалы болып, ықшамдалмалы бесік жасағым келді. Сол кезде әлеуметтік желіде түрлі арналарды қарап, оңтайлысын таңдадым. Өзім жасайтын тәсіл түрік нұсқасы деп аталған. Тек бесікті жинау әдісін қолдандым. Өзгесі өз ойымның жемісі. Бесік үш бөлікке бөлінеді. Бірақ бір-бірінен ажыратылып қалмайды, бәрі топсамен бір-біріне бекітілген. Ортасынан бір, екі қапталынан бір бөлініп, жиналады. Ортасындағы ағашы құлақшалармен бекітіледі. Ал ою-өрнек кезінде көбіне Қошқор мүйіз оюын пайдаландым. Өз қолымнан шыққан дүниені әлеуметтік желіне жариялап, тапсырыс та қабылдадым. Екі жылда 30 бесік жасалды, — деді Әлібек Тайман.

смарт
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, қазіргі кезде бір бесікті жасауға 10 күн қажет. Бұл ұзақ уақыт. Құрастыруға қажетті ағашты дайындау уақытын азайту үшін арнайы құрылғы сатып алып, екі күнде біреуін жасауды мақсат етіп отыр.

— Бесік жасауға қажетті аппаратты өзім құрастырып алдым. Күйдіріп, оятын аппаратты да жасадым. Кішкентай трасформатордан қуат алып, нихром-сым арқылы оюды күйдірдім. Бір жақ қапталып оюға 1 күннен астам уақыт керек. Екінші капталын оюға да дәл сондай уақыт қажет. Мұның бәріне көп уақыт қажет болған соң қазір бесік жасай алмай жүрмін. Бұл жарты жолдан тастап кететін кәсіп емес. Енді аппарат сатып алып, арнайы құрылғымен жасағым келеді. Цехты бірден ашу үшін көп қаржы керек шығар, — деді шебер.

Қазіргі кезде бесікке сұраныс көп. Себебі ол екі жыл бұрын «Compakt бесікті» 15 мың теңгеге сатқан. Ал қазір базардағы құны 60-70 мың теңге, кей жерде 100 мыңға таяған.

смарт
Фото: Kazinform

Ұстаз әрі шебер кәсіпке түбегейлі ден қоюды жоспарлаған емес. Екі жұмысты қатар алып жүру үшін ресми түрде бизнес те бастай алмай отыр.

— Өз ісіңді бастау үшін жеке кәсіпкер болу керек. Ал мұғалім жеке кәсіпкер бола алмайды деп естідім. Сондықтан мемлекеттік грант алуға ұсыныс бермедім. Бесіктен басқа сандық, ас табақ жасауға болады, — деді ол.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі бір кездері атақты шебердің шәкірті болды. Ұстазы Нұрлан Жақыбаев оған мектеп жасында-ақ ағаштан түрлі бұйым жасау, тері илеу, одан түрлі дүние дайындау әдіс-тәсілдерін, технологиясын үйретті. Ұстанымы мықты шәкірт бәрін ойға тоқып, өзі де осы саланы таңдады.

— Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алып жүрген кезде де ұстазыма жиі хабарласып тұрдым. Сөйтіп дипломдық жұмысымның тақырыбын ақылдастым. Мен жағлан сандығын жасауға бел буып, бар қыр-сырын қайта үйрендім. Мектепте оқып жүрген кезде жасағаным бар еді. Кейін студент кезде қайта жаңғыртып, үздік атандым. Сандық ағаштан жасалады. Тек сырты былғарымен қапталады. Ол үшін ірі қараның терісін илеп, кейін оған ою салып, сандықта қаптадық, — деді Әлібек Тайман.

Соңғы жаңалықтар