Ақтөбелік мұғалім тасқа сурет салып, теріден панно жасайды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде бейнелеу өнері және көркем еңбек пәндерінің мұғалімі Ақбота Туысова малта тасқа акрил бояуы, гуашьпен сурет салып, былғарыдан панно жасайды. Ұстаз әрі қолөнер шебері осы арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыра түскен. Қаланың әрі облыстың үздік мұғалімі көркем еңбек пәні жабылып қалмас үшін педагогтердің бар ынта-жігерін арттырып, дамытуды да мойнына алды.

Былғарыдан панно жасау шеберлікті қажет етеді
Ақбота Туысова қазір мектеп мұғалімі ғана емес, Ақтөбеде қолөнер шебері ретінде таныла түсті. Таяуда ғана теріні кәдеге жаратып, түрлі бұйымдар жасаумен шұғылданатын өнер иелерімен бірге көрмеге қатысып, шеберлік сабағын да өткізді. Өзі үйренгенін ортаға салып, үйретті, өзгелерден де ойға түйгені бар.
- Терімен жұмыс істеу бірер жылда жүзеге асты. «Бабалар аманаты», «Ұлы дала аруы», «Тарих таңбасы» деген туындыларды жасап, таяуда республикалық көрмеге шығардым. «Тарих таңбасында» домбыраны, күн адамын бейнеледім. Моншақтармен әсемдеп қойдым. «Ұлы дала аруы» туындысында қазақ қызы бейнеленген. Ұзын шашын өрген, тақия киген сұлу көптің көңілінен шықты. Былғары – табиғи өнім. Бірін оңтүстіктен, бірін Ақтөбенің Темір ауданындағы хас шебер Нұрлан Сәулебайұлынан алдым. Сиыр терісі екеуі де. Оған күйдіріп сурет салу қиын екен. Алдымен қарындашпен салып, оны қаламмен бастырдым. Кейін күйдіріп, ерекше дүние шығардым. Бұл интерьерге жақсы. Ұлттық нақыштағы туындыға енді-енді сұраныс болатын шығар деп ойлаймын, - деді ұстаз.
Оның айтуынша, мұндай авторлық туындыны жасаған кезде оған салынатын суреттер еш жерде қайталанбауы тиіс. Яғни, ой ұшқырлығына ерік береді.

Ойы ұшқыр адам тастың пішініне қарап сурет салады
Ғ.Ақтаев атындағы № 6 мектеп-гимназиясының бейнелеу өнері, көркем еңбек пәндері мұғалімінің тағы бір өнері – малта тасқа сурет салу. Ол мектепке әкелінген тасты көріп, қиялға ерік беріп, оған сурет салып, жан бітіруді қолға алды.


- Мектепке тас әкелді. Сол кезде көріп, бірер тасты үйге алып кеттім. Жуып, тазартып, гуашьпен сурет салуды бастадым. Содан кейін ғана акрил бояуын пайдаландым. Майлы бояуды да қолдануға болады. Бірақ мен гуашь пен акрил бояуын ғана пайдаландым. Кейін осы жұмысты балаларға үйретіп, оқушыларға көрсеттім. Өзім көбіне пейзаж салғанды жақсы көремін. Ағашты, теңіз, көл, құстарды, аспанды бейнелеймін. Туындымда бойжеткен де бар. Онда үкілі тақия киген қызды салдым. Екінші тасқа қалыңдықты бейнеледім. Бұл екеуі үндестік тапқан дүние болды. Ал «Бейтаныс» деген авторлық жұмысымда сызықтар сөйледі. Бояудың да, сызықтардың да өзіндік құндылығы бар екенін ұмытпаған жөн, - деді Ақбота Туысова.
Малта тас Ақтөбе аумағында бар. Алайда шебер бір бөлігін Алакөлден де алдырды. Алдағы уақытта тасқа тірек қойып, бөлме интерьері ретінде пайдалану әдісін ұсынбақ. «Тастан даланың иісі шығады» деп әсерімен бөліскен шебер осы бағыттағы жұмысын дамыта түспек ниетте.

Тақтайдағы туынды
Ұстаз дайын тақтайға да сурет салуға машықтанған. Оқушыларына да осы әдісті үйретіп, көрсетті.
- Қиялға беріліп, тақтайға пейзаж салдым. Өте жақсы шықты. Содан балаларға үйретіп, олар да іліп әкетті. Бала қызығу үшін осылай түрлі қолөнер бұйымын жасағанды жөн көремін. А4 форматына сурет те салдырамын. Мәселен шәкіртім Мансұр Шәкіржанды 4 сыныптан бастап дайындадым. Алғашында ол қара фломастермен сурет салды. Баланың қабілетін шыңдап, болмысын ашу үшін түрлі-түсті қарындашпен штрихтауды көрсеттім. Жұмысымды ұнатып, ол да алға ұмтыла түсті. Кейін гуашьты, акварельді қолданды. Акварель өте кірпияз болғанымен, оқушы техниканы жетік меңгеріп алды. Жұмыстары 70-ке жетіп, үлкен көрме өтті. Бұл оқушының қалада өткен алғашқы жеке көрмесі деп саналады. Көрмеге ұстаздар мен оның шәкірттерін шақырып, жігер бердім. Бәріне ұнады. Ал оқушым қазір сәулетші-дизайнер мамандығын таңдап отыр, - деді ол.


Қыздар әшекей жасап, оны сатып, табыс табады
Көркем еңбек пәнінде қыздар сән өнерін, киім тігуді де үйренеді. Сонымен бірге дайын бұйымнан түрлі әшекей жасайды. Әшекейлері сұранысқа ие болып, сатуға машықтанған оқушылар да жетерлік.
- Дайын дүниені құрастыру да өнер. «Бұрымды қыздар» үйірмесінде қыздар шекелік, шашбау, алқа, сырға жасап, үйренеді. Қыздар үйреніп, сатып, табыс та тауып жүр. Мұғалімдерге де шеберлік сағатын өткізіп, олар да қосымша табыс таба бастады. Заманауи, қолжетімді әшекейлерді жасап, әлеуметтік желі арқылы жарнамалайды. Тойларда, ұлттық мерекеде сұранысқа ие, - деді педагог.

Алдағы күннің жоспары
Ақбота Туысова алдағы уақытта мектеп әкімшілігінің қолдауымен шеберхана ашуды да жоспарлап қойған. Онда мұғалімдерге дәріс өткізеді. Шеберханада тасқа сурет салу, пирография тәсілімен теріге сурет салу тәсілдеріне басымдық беріледі.
- Қазір көркем еңбек пәнінің мұғалімдері арасында өз қабілетін ашып, өз-өзін дамытып жүрген ұстаздар саны артты. «Ақтөбе дарын» ғылыми орталығында «Олимп шыңына жетелеуші» қауымдастығының төрағасы қызметін атқарамын. Құрамында онға жуық мұғалім бар. Былтырдан бері дарынды балаларды қолдау мақсатында көп іс атқарылды. Көркем еңбек олимпиадасы құрыстырылып, биыл екінші рет өтті. Енді вокалдық хор байқауын ұйымдастырғымыз келеді. Аудан, ауылда дарынды оқушы көп. Оларды қолдау керек. Әрі «біздің пәніміз жабылмасын, жоғарылай берсін» деген ниет бізде. Расымен, жабылады деген қорқыныш бар. 2020 жылы пандемия болып, ештеңе жасамадық. Сол кезде «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының басшысы Қанағат Көдеков кітап шығарды. Кітаптың бес жинағына еңбектерім жарияланып, шетелде кітапханаға берілді. Осы пәннің жабылмай, әрі қарай дамуына септігін тигізді, - деді ұстаз.

Оқушыларға, мұғалімдерге бар білгенін үйретіп, қолөнерді дамытып жүрген педагог көркем еңбек пәнінің жабылуы мүмкін емес деген ойда. Себебі оқушы мектепте-ақ түрлі мамандыққа машықтанады, ал әр пәнде бейнелеу өнері пәнінің бір ілімі бар. Инженерлерге, дәрігерлерге осы бағыттағы білім керек.
- Жалғыз адам мұның бәріне қол жеткізе алмайды. Ал біздің ұжымда мектеп директоры Жания Орынжайқызы, директордың орынбасары Дина Муханбедиярова көп көмек көрсетті, демеп отырды. Отбасым да жылулығын аяған емес. Бұл қазақта бар дарын, қасиет деп білемін. Ата-бабам, өз әкем де шебер, зергер. Керемет ою ойды. Содан сіңлім Ақтотымен өзім де осы өнерді дарытып, дамытып отырмыз. Бұл да бізге берілген сый. Ал сыйдың қадірін түсініп, аша білсек, біздің жетістігіміз ғой, - деді педагог.

Дарынды шәкіртті дарынды ұстаз тәрбиелейді – Дина Муханбедиярова
Ақбота Туысова бүгінде Еуразиялық дизайнерлер одағы мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі. Сонымен бірге 2022 жылы Ақтөбе облысының үздік педагогі атанды. Әрі қазақстандық «Бабалар аманаты» этнографиялық дизайн одағының мүшесі, «Олимп шыңына жетелеуші» Ақтөбе облысының дарынды балалармен жұмыс істейтін педагог тәлімгерлердің эстетика бағыты ассоциациясының жетекшісі. Мектеп әкімшілігі де оның ерекше қабілетін танып, біліп, қолдау білдіріп отырады.
- Негізі сабақтың сапалы өтуі сол сабақты өткізетін пән мұғаліміне байланысты. Ақбота Туысова өзін үнемі кәсіби жағынан дамытып отыратын ізденімпаз, еңбекқор ұстаз. Күнделікті сабаққа жан-жақты дайындықпен келеді. Өз пәнін сүйеді. Ол мамандықты жүрегімен қалаған ұстаз. Өте қарапайым, тәрбиелі, әдепті. 25 жылдық педагогикалық өтілін қорытындылап мектепішілік шығармашылық есеп берді. Оған қала, облыстан әдіскерлер келіп қатысты. Бірнеше жинақтарға туындылары енгізілді. Қазір қоғам дарынды, көшбасшы балаларға мұқтаж. Сол мұқтаждықты, зәрулікті орындап жүрген ұстаздарымыздың бірі. Дарынды шәкіртті дарынды ұстаз тәрбиелейді, - деді Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп гимназиясы директорының ғылыми әдістемелік істер жөніндегі орынбасары Дина Муханбедиярова.

Оның айтуынша, көркем еңбек пәні оқушыларды шебер болуға үйретеді. Әрі ұлттық құндылықтарымыз осы пәнде дәріптеледі. Қыздар тоқуды, тігуді, әртүрлі зергерлік бұйымдарды құрастыруды үйренеді. Көрпеге құрақ құрайды. Мұның бәрі кез келген уақытта өмірде қажет болуы мүмкін.
- Көркем еңбек сабағы өте қажет. Оны өз дәрежесінде өткізу еңбекқорлықты, табандылықты, шыдамдылықты, сабырлылықты қажет етеді. Онда қауіпсіздік ережелері қатар жүреді. Сонымен бірге оқушылар бәрін өзі жасап, қайырымдылық акцияларына қатысады. Көрмелер ұйымдастырылады. Ақбота Ерсайынқызы көшпелі топпен жұмыс істейді. Қалада ғана емес, аудан, ауылда тәжірибесімен бөлісіп жүр. Үйрете алатын, үйретері бар, өзінен кейінгі жас мамандарды соңынан ілестіре алатын ұстаз, - деді Дина Муханбедиярова.