Ақтөбелік оқушы қарындасымен бірге құрақ құрап, көрпе тігеді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы орта мектепте білім алатын ағайынды Әмірбаевтар ата-анасына қолқабыс етіп, құрақ құрап жүр. Олар түрлі байқауда да жеңіске жеткен. 

Ақтөбелік оқушы қарындасымен бірге құрақ құрап, көрпе тігеді
Фото: Мейрамгүл Алхабаеваның жеке мұрағатынан

Ақтөбе қаласындағы №48 орта мектепте оқитын Уәлихан Әмірбаев осыдан 5 жыл бұрын әжесімен бірге шеберлік сағатына қатысты. Сол кезде алғаш рет көрпе тігу өнерінің хас шеберлерін көріп, танысты. Өзі де кішкентайынан әжесіне көмектесіп, құрақ құрауды меңгеріп алған. 

– Мен 9 жастап бастап тігуді үйрендім. Сол кезде шебер Ырза Тұрсынзадамен таныстым, кейін әлеуметтік желіде видеоларды көріп, ішкі сезімім оянды. Сөйтіп қызығушылығым арта түсті. Қандай да бір қиындыққа кезіктім деп айта алмаймын. Әжем де, анам да тігінші. Әжем тігіп, құрап жүргенде қызығып, «мен де тігіп көрейінші» деп айттым. Қолымды қақпай, қайта бар білгенін үйретті. Содан қызығушылығым артып, іс тігуді бастап кеттім. Алдымен көрпедегі оюды бастырып тіктіп, кейін құдық құрақты үйрендім. Ең қиыны – шешен құрақ, - дейді 9-сынып оқушысы Уәлихан Әмірбаев. 

тігінші
Фото: Мейрамгүл Алхабаеваның жеке мұрағатынан

Ол қазір өзін танитын адамдардың жылы лебізіне бөленіп тұр. Ұстаздары да, тума-тыстары да бозбаланың талантын бағалайды, мақтан тұтады. Ал өзі бұл істі жарты жолда тастамай, қайта бар ынта-жігерімен кіріскен. 

– Маған іс тіккен ұнайды. Тіпті бес сағат бойы отыра беремін. Егер жұмыс көп болса, қызықты видео материал қосып қойып, көрмесем де тыңдап отырамын. Болашақта да осы іспен шұғылданып, ойда жүрген көп дүниені тіге аламын деп есептеймін. Өзім бизнеспен айналысқым келеді, - деді ол.

Жамал мен Уәлихан
Фото: Мейрамгүл Алхабаеваның жеке мұрағатынан

Уәлиханның қарындасы Жамал да кішкентайынан іс тігуге қызықты. Ол 8 жасында тігін машинасына отырды, лезде меңгеріп алды. 

– Адам өз алдына мақсат қойса, соған сай жұмыс істейді деп ойлаймын. Мен де іс тіккім келді. Негізі құрақ құрап, көрпе тігу үшін осы іске қызыққан дұрыс. Ынталанса, белгілі бір ережеге бағынса, жетістікке жетуге болады. Адамға жан-жағы да әсер етеді, - деді ол.

Уәлихан мен Жамал
Фото: Мейрамгүл Алхабаеваның жеке мұрағатынан

Ісмер оқушы өзіне сенім артқан әжесенің де, анасының да үмітін атқап жүр. Қажет кезде 3-4 сағат тігін машинасының жанында отырады.

– Бүгінгі жүктемені ертеңге де қалдырмаймын. Бұл – менің негізгі ұстанымдарының бірі, - дейді №36 орта мектептің 8 сынып оқушысы Жамал Әмірбаева. 

Ақтөбеде 300 адамға арналған шеберлік сағаты бұл отбасының жаңа бір істі үйреніп, кәсіп бастауына түрткі болды. Үш күнге созылған фестиваль кезінде құрақ құрап, кейін сатуға мүмкіндік жасалды. Ал үздіктеріне тігін машинасы берілді. Содан кейін елде карантин басталып, көп адам үйде отырды.

– Онлайн конкурсқа да қатысып, «Ата кәсібі – бала кәсібі» фестивалінде сертификат иелендік. Уәлихан қарындасымен бірге бақ сынады. Содан кейін қызығып, жанымызда жүр. Негізі менің анам да құрақ құрайды. Мен де іс тігемін. Екі балам да ізімізді жалғап келеді. Қазір матаны қиып, құраққа әзірлеймін. Ал балалар құрақты құрап, анам көрпенің бөлшектерін құрастырады. Сөйтіп қыз жасауына тапсырыс аламыз. Тек алдын ала айтып, ұнатқан түрін таңдаса болғаны, - дейді тігінші балалардың анасы Мейрамгүл Алхабаева. 

жас тігінші
Фото: Мейрамгүл Алхабаеваның жеке мұрағатынан

Ол алдағы уақытта дайын бизнесті кәсіпке айналдырғысы келеді. Бұл туралы балаларына да айтып жүр. 

– Қыз жасауын бір адам тіге алмайды. Оған көмекші керек. Ұлымның да, қызымның да қолқабыс етіп жүргені содан. Әрі екеуі де іс тігуге құштар. Біздің бизнес бастауға арналған сертификатымыз да бар. Бәлкім келешекте үлкен іс те бастармыз. Қазір сұраныс бар. Сапалы дүниені сатып алғысы келетіндер қашанда табылады, - дейді Мейрамгүл Алхабаева.

Оның айтуынша, қыз жасауын дайындау үшін бір ай уақыт қажет. Егер тапсырыс беруші қаласа 2-3 апта ішінде әдімі дүниені дайындап береді. 

Айта кетейік, былтыр қазақстандық шеберлер құрақ көрпе тігуден әлемдік рекорд орнатты. Еліміздің әр өңірінен жиналған шебер әжелер құраған көрпе әлемдік рекорд ретінде тіркелді. 

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының 155 жылдығы аясында қолөнер шеберлері 155 метрлік көрпе тікті. Бәрі де су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктерге таратылды. 

Соңғы жаңалықтар