Ақтөбелік оқушы қауіп төнгенін хабарлайтын қосымша ойлап тапты

ғылым
Фото: Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында мектеп оқушысы жасанды интеллектіні пайдаланып, жаңа қосымша ойлап тапты. Қосымша оқушыға қауіп төнгенін бірден біліп, полицияға шұғыл хабар бере алады.

Ақтөбе қаласы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Тұмар Смағұл жасанды интеллектінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Ол түрлі зерттеу жүргізіп, «NazarAI» қосымшасын ойлап тапты. Қосымша бейнекамера материалдарын жасанды интеллект арқылы өңдейді, яғни, адамды тану, адам әрекетін модельдеу, қауіпті сәтте шұғыл хабарлау секілді жұмыстарды ұйымдастырады. 

ғылым
Фото: Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі

- Бұл қосымшаның бірнеше қызметі бар. Соның бірі - мектепке келген оқушылардың бейне камерадағы кескінін тану және олардың мектепке келген сәтін автоматты түрде ата-аналарға хабарлау. Хабарламада оқушының суреті, аты-жөні, келген уақыты көрсетіледі. Сонымен қатар қосымшаның тағы бір қызметі - қауіпті сәтті анықтау. Оқушы қауіп-қатер төнген сәтте екі қолын көтерсе, жасанды интеллект бейнедегі адам әрекетінің компьютерлік моделін құрастырады. Осылайша адам қолы, буындарының бұрыш градустары арқылы есептеулер жүргізіп, қауіп-қатерді анықтайды. Кейін адам бейнесіне скрин жасап, нәтижесін сақтайды және осы адамға қауіп төнгені туралы ақпаратты «Дабыл» телеграмм каналына жібереді. «Дабыл» телеграмм каналына ішкі істер органдарының арнайы бөлімі тіркелген. Бұл каналдың мақсаты - мектептегі қауіп-қатерді құзырлы органдарға жылдам жеткізу, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, жоба жетекшісі Ербол Қуанышұлы мен жас зерттеуші Тұмар Смағұл жаңа қосымшаны әлі де зерделеп, жаңа мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар