Ақтөбелік оқушылар қараторғай күніне орай 70 ұя жасап шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласындағы № 56 орта мектептің ұстаздары, оқушылары мен ата-аналары Қараторғай күнін атап өтті, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

құстың ұясы, әке мен қызы
Фото: Ақтөбе әкімдігі

Бұл шара «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Бұл ерекше күннің құрметіне қаланың 12-шағын ауданындағы Жағалау саябағында қараторғайларға арнап ұялар орнатылды. Ұялар ата-аналар мен оқушылардың күшімен түрлі материалдардан жасалды. Оларды ағаштарға ата-аналардың өздері орнатты. Бұл бастаманың иесі — қаладағы белгілі ландшафт дизайнері Алеся Москалева. Ал бастаманы іске асыруға оқу ордасының жанынан құрылған «Аналар мектебі» құлшына кіріскен.

құстың ұясы, анасы мен қызы
Фото: Ақтөбе әкімдігі

— Мектебімізде осыдан үш жыл бұрын «Аналар мектебі» құрылған болатын. Ата-аналардың мұндағы мақсаты — тәрбие ісін ұстаздармен бірлесе жүргізуге барынша ден қою. Осы орайда үнемі түрлі бастамаларға, пайдалы істерге ұйытқы болып жүретін ата-ана көп. Бүгінгі бастаманы біз, мектеп ұжымы, өз тарапымыздан қолдадық. Барлығы 70 ұя жасалды. Бір бөлігі — мектеп ауласына, одан соң Тәуелсіздік даңғылы бойындағы ағаштарға орнатылды. Бүгін тағы бір тобын осы саябаққа әкелдік, — деді мектеп директоры Гүлнара Нарымбетова.

құстың ұясы, әке мен қызы
Фото: Ақтөбе әкімдігі

3 «З» сыныбында оқитын Әлрами Тоқтамысовтың акцияға арнап әкелген ұясы әдемі шыққан. Баланың әжесі Ақмоншақ Ембергенованың айтуынша, оны жасауға бүкіл отбасы атсалысқан.

— Алты немерем бар. Өзім әскери саладан зейнетке шықтым. Мүмкіндігінше өмірлік тәжірибемді, күш-қуатымды ең алдымен немерелерімнің тәрбиесіне арнағым келеді. Қазір балалар смартфонға құмар. Сондықтан осындай шараларды жиі ұйымдастырып, балаларды табиғатпен достыққа бейімдеуіміз керек. Мұндай бастамаларды алда да қолдауға дайынбыз, — дейді Ақмоншақ Ембергенова.

құстың ұясы
Фото: Ақтөбе әкімдігі

Осыған дейін Үкімет аппараты «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында сенбілікке қатысқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар