Ақтөбелік шаруалар бидайды кептіріп, өткізуге көмек сұрады
Ақтөбенің Әйтеке би ауданында егін алқабының 40 пайызы әлі жиналған жоқ. Ору жұмысы жүргізілгенімен, кептіру құрылғысы аз. Диқандар сапасы төмен болса да өткізу тетігі қажет деп отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында диқандар алдымен киіктен, кейін жауын-шашыннан зардап шекті. Қазіргі кезде 138 мың гектар жердің 60% ғана жиналған. Қалған 40 % әлі сол күйі тұр. Көбі сабағынан қайта көктеп кеткен.
- 1995 жылдан бастап егін шаруашылығымен айналысып келемін. Бүгінге дейін осындай қиындықпен кезігіп көрмеген едік. Әлі күнге дейін астық жинау науқаны аяқталмай тұр. Өзімнің шаруашылығымда егіннің 20% орылмады. Жағдай өте қиын. Біздің қоймада бүр жарып кеткен, сапасы төмен астық бар. Жиналған өніміміздің 70%-і осындай күйде. Ешкім алмайды. Біздің шаруашылықта кептіру аппараты жоқ,- деді «Бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Ақжол Дабылов.
Бұған дейін шаруа астықты ақтөбелік кәсіпкерлерге өткізіп келген. Қазір олар дымқыл бидайды қабылдамайды.
Әйтеке би ауданындағы шаруалардың кейбірі кептіру аппаратына сеніп отыр. Қазір мұндай құрылғысы бар шаруашылықта жұмыс үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сол үшін де үш ауысымдық жұмысқа көшкен.
- Биыл менің астық жинау науқанына қатысқаныма 54 жыл толды. Осы күнге дейін мұндай жағдай болмаған екен. Өте қиын. Қыркүйек айында 20 күннің 16-сында жаңбыр жауып тұрды. Дегенмен жұмыс тоқтамайды. Жаңа технологияның күшімен егінді жинап, сатуға шығарамыз. Кептіру құрылғысы бар,- деді «Алтынсарин» ЖШС-нің басшысы Борис Князев.
Әйтеке би ауданында 15 ірі, 107 шаруа қожалығы егін еккен. Оның үшеуінде ғана кептіру аппараты бар.

- Ауданда сыйымдылығы 50 мың тонна болатын элеватор бар. Шаруашылықтың бәрі сонда астық тапсырады. Биыл 17 мың тонна қабылдады. Оның 10 мың тоннасы ылғал. Барын кептіріп алғанша, жаңасын қабылдай алмайды. Сөйтіп 10 күн өтті. 1988 жылы ылғал күйінде қабылдап, өзінен өзі жарылып, атылған. Элеваторға мемлекет тарапынан арзан дизель отынын алуға қаржы бөлінді,- деді Әйтеби аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Сатимов.
Биыл 15-қыркүйек күні алқаптың 20-30 пайызында бидай сабағынан көктеп кеткен. Қазанда бұл көрсеткіш 50-60 пайызға жеткен. Қазіргі проблема көктемде қиындық туғызуы мүмкін. Себебі шаруалар тұқым тапшылығын сезінеді.
- Азық-түлік корпорациясы 800 тонна қатты бидайымызды, 500 тонна жұмсақ бидайымызды қабылдаса, келер жылы кез келген шаруашылық келісімшарт аясында тұқым алар еді. Шаруалардың техниканы несиеге алғаны белгілі. Осы күні олар 3 жылға кейінге шегерсе деп ұсыныс айтып отыр. Пайызын өсірмесе деп өтініш жолдады,- деді Мейрамбек Сатимов.
Еске салсақ, биыл Ақтөбенің Әйтеке би ауданында бидай қайта көктеп кетті.
Шаруалар бір айға жуық уақыт ору жұмысын жүргізе алмады.