Ақтөбелік шаруалар су тасқыны кезіндегі шығынды әлі өндіре алмай жүр: әкімдік түсіндірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбелік шаруалар тасқыннан кейін мүлік шығыны әлі өтелмегенін айтып, шағымын жеткізді. Қаржы Үкімет резервінен бөлінуі тиіс.

тасқын
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Ақтөбелік шаруалар әлі күнге дейін мүлік шығынын өндіре алмай жүр. Былтыр арнайы комиссия барып, тексерген, кейін шығын көлемін анықтаған. Алайда арада жарты жылдан астам уақыт өтсе де ақшасы түспеді.

— Ойыл ауданы бойынша 53 шаруаның мал шығынынан бөлек, мүлкі бүлінді. Сол мүлікті қарап, бағалады. Құжаты жоқ шаруаларға қор арқылы 5 млн теңгеден берілді. Ал құжаты түгел біздер әлі жүрміз. Қазір 31 шаруа қаржы қашан түседі деп сұрап жүрміз. Шығынымыздың өзін былтыр күзде есептеді, — деді шаруа қожалығының басшысы Андрей Хамитұлы.

Шаруалар қаржы қазір түссе, құрылыс материалдарын арзан бағада сатып алуды жөн көреді. Ал көктем шыға құрылысқа кіріспек. Олар малшы тұратын үй мен қора салуды жоспарлап отыр. Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы болса, қаржы Үкімет резервінен аударылатынын хабарлады.

— Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы 2024 жылдың 20 желтоқсанына дейін шаруалардан өтініш қабылдады. Биыл қаңтарда Үкіметтің резервінен өтеу үшін құжаттары жіберілді. Үкімет қаулысы шамамен ақпан айының соңына, наурыздың басына қарай шығады. Сол кезде өтемақы беріледі. Алғашында бұл шағын және орта бизнеске арналған шығынды өтеу ережесі болды. Кейін оған ауыл шаруашылығы құрылымдары кірістірілді. Әу баста ақша 2025 жылы берілетінін де шаруалар біледі, — деді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.

Еске салсақ, ақтөбелік шаруалар былтырдан бері су тасқыны кезінде бұзылған қорасы мен үй шығынын өтеп беруді сұрап отыр.

Соңғы жаңалықтар