Ақтөбелік шебер жүннен тақия жасау туралы құпиясымен бөлісті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында тұратын шебер әрі ісмер Гүлнұр Асқарова жүннен тақия, картина жасап, жаңа технологияны оқушыларға үйретіп жүр. Шебер елімізде жүн өңдеу технологиясы дамымаған соң қолөнер бұйымдарының бағасы қымбат екенін жасырмады.
Биыл киіз тақиялар сәнге шықты. Ақтөбелік шебер Гүлнұр Асқарова осы өнердің технологиясын қайта қарап, жандандырды.
- Алдымен киіз басуды үйрендім. Сапалы дүние жасай алатыныма көз жеткізгенде ғана бас киім әзірледім. Қазір жүнді басып, дизайнын жасап шығарамын. Жүнді дайын күйінде дүкеннен аламын. Көбіне ресейлік өнім сатылады. Соңғы кезде Жамбылдан сатып аламын. Жүн дайын күйінде келеді, бірақ қымбат. 50 гр өзі 800 теңге тұрады. 1 келі жүн бағасы - 16 мың теңге. Бір тақия жасау үшін 40-45 грамм жүн керек. Ал қиыны пішінін шығару болды. Содан темір ұстасына барып, формасын әзірлетіп алдым. Алғашқыларының кескіні нашар болғанымен, кейін қолым жаттықты. Киіз тақия әзір болған соң кестелеп, сәндеймін, - дейді шебер.
Оның айтуынша, киіз тақиялары бір-бірін қайталамайды. Әрі бас киімді тіккенде адамның көңіл-күйі де маңызды рөл атқарады.
- Шебер бас киім тікпес бұрын музейге барып, ұлттық киім үлгілерімен танысуы керек. Зерттеу жүргізсе де артық болмас дер едім. Себебі бас киімге салынатын ою-өрнектің маңызы зор. Сонымен бірге бас киім жеңіл әрі ыңғайлы болуы тиіс. Ол ісмердің шеберлігі мен көңіл күйіне де байланысты. Адам қолына қажетті заттарды алған сәттен-ақ бар зейінін салып, ойын жинақтаса, жақсы дүние шығады. Өзім жақсы көңіл-күйде болғанда ғана тігіп, әзірлеймін. Киіз картиналарды да дәл солай жасаймын, - деді Гүлнұр Асқарова.
Шебер алдағы уақытта киізден киім басуды мақсат етіп отыр. Тек алдымен жүн өңдеу ісін бір жүйеге қою керек.
- Бізге меринос жүні керек. Өте жұмсақ жүн ол. Бірақ қазақы қой жүнінен де бас киім, байпақ жасауға болады. Олар төзімді. Одан сөмке, тіпті көлікке қажетті чехол тіге аламыз. Оның бәріне әрине шикізат, жүн керек. Ауыл шаруаларынан жүнді қайда жіберетінін сұрасам, өртейтінін айтты. Бұл дұрыс емес. Бір адам қолға алып, дамытуы керек. Ресейліктер келіп, құрал-жабдықтарын таныстырды. Әзірге оған ешкім қызықпады. Менің ойымша осы істі шыдамды кәсіпкер өз қолына алып, жүнді жинап, өңдесе өте табысты бизнес болар еді. Киіз үй де сұраныста, киіз төсенішті де алады, - деді шебер.
Гүлнұр Асқарова 2020 жылдан бері Наурыз мерекесіне шығып, қолөнер бұйымдарын таныстырып жүр. Соңғы жылдары сұраныс күрт артқанын айтады. Ал жергілікті шеберлер лекті игере алмай, адамдар Қырғызстан, Өзбекстанның дайын ұлттық киімін сатып алып жатыр.
- Біз осы бағытта дамып, кәсіпті де дамытуымыз керек. Қазір өзім Шағармашылық академиясында қыздарды қолөнер бұйымдарын тоқып, тігуге үйретіп жүрмін. Кейін осы саланы дамытып, кәсіп жүргізгім келеді, - деді ол.