Ақтөбелік түлек ҰБТ-да 137 балл жинады

Айшат Сағынаева ҰБТ кезінде 137 балл жинады
Фото: Ақтөбе облыстық білім басқармасы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы М.Құрманғалиева атындағы №32 гимназиясының түлегі Айшат Сағынаева ҰБТ кезінде 137 балл жинады. Бұл әзірге еліміздегі үздік екінші көрсеткіш.

Мектеп түлегі Алтын белгіге үміткер. Ол 7 сыныптан бастап осы гимназияда білім алады. 

- ҰБТ кезінде математика, информатика пәндерін таңдадым. Еңбектенген, оқыған балаға емтихан, ҰБТ секілді сынақ оңай болады деп ойлаймын. Өзім бұл сынаққа 10 сыныптан бастап дайындалдым. Ал 11 сыныпта бар күшімді салдым. Түрлі курстарға қатыстым әрі мектеп мұғалімдерінің де еңбегі зор. Бұған дейін қаңтар мен наурыз айларында тестілеуге қатысып, кейбір тапсырмаларды қайта оқып, білімімді жетілдіруге тура келді, - деді Айшат Сағынаева.

Ол болашақта ІТ маманы болуды армандайды. Оқу орнын да таңдап қойған.

Айшат Сағынаева ҰБТ кезінде 137 балл жинады.
Фото: Ақтөбе облыстық білім басқармасы

- Мен диплом алған соң облысыма, еліме өз үлесімді қосамын деп ойлаймын. Біреудің ізімен емес, өз қалауыммен осы жолды таңдадым. Бұл болашақтың мамандығы деп ойлаймын. Сонымен бірге маған түрлі пікірсайысқа қатысқан ұнайды. Республикалық турнирге қатысып, екінші орын алғаным бар, - деді Айшат Сағынаева.

Түлектің сынып жетекшісі Гүлшат Бралованың айтуынша, ол жан-жағына жиі көмектесіп, қамқорлық танытып жүреді.

- Сыныптастарына үнемі көмктесіп жүреді. Ол ҰБТ-ға өзі дайындалды. Онлайн курстарға ғана қатысты. Барлық пәнді қатар алып жүреді әрі сабақтан қалмай, дайындалып келеді, - деді ол.

Айшат Сағынаева — әнші Димаш Құдайберген білім алған №32 гимназиясының түлегі.

Ақтөбе облыстық Білім басқармасының хабарлауынша, 2023-2024 оқу жылында 8 342 оқушы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген.

Жалпы облыс бойынша 11-сыныпты 9 236 оқушы бітірді. Оның 489-ы Алтын белгіден, 681-і Үздік аттестаттан үмітті.

Соңғы жаңалықтар