Ақтөбеліктер азық-түлікке қанша ақша жұмсайды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл облыста жан басына шаққандағы орташа табыс тоқсанына 365 342 теңгені болды. Тұрғындар тұтыну шығысының 59,7 пайызын азық-түлікке жұмсайды.
Биыл екінші тоқсанда ақтөбеліктердің орташа жалақысы 440 520 теңге болды. Ал жан басына шаққандағы орташа табыс тоқсанына 365 342 теңгені деп есептелді. Статист мамандардың хабарлауынша, табыстың негізгі көзі — еңбекақы. 73,3 пайызы жалақыға тиесілі болып тұр. Сонымен бірге мемлекеттік төлемдер де әлеуметтік қолдаудың маңызды бөлігіне айналған.
— Екінші тоқсанда Ақтөбе облысы тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа шығысы тоқсанына — 310 882 теңге. Оның ішінде 271 138 теңге немесе 87,2 пайызы тұтыну шығысына тиесілі. Бұған азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алу, сондай-ақ ақылы қызметтерге жұмсалатын қаражат кіреді. Тарқатып айтар болсақ, тұтыну шығыстарының 59,7 пайызы азық-түлік тауарларына тиесілі. Сонымен қатар ұсынылған деректер бойынша тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын шығыстардың үлесі 58,3 пайыз. Республика бойынша орташа көрсеткіш — 53,6 пайыз, — деді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облыстық департамент басшысы Айбек Ғалымжанов.
Тұрғындар табысының көбіне азық-түлік сатып алады. Соған қарамастан ақтөбеліктер өзге өңірге қарағанда етті аз жейді.
— Облыста ет және ет өнімдерін тұтыну жан басына шаққанда тоқсанына 18,5 келі болып тұр. Бұл республикадағы орташа көрсеткіштен төмен. Республикадағы орташа көрсеткіш — 21,6 келі. Сондай-ақ бірқатар солтүстік өңірлердегі 24–25 келі болып тұр. Демек азық-түлікке жұмсалатын шығыстардың үлесі жоғары болғанымен, етті тұтыну көлемі салыстырмалы түрде төмен. Сонымен бірге жеміс-жидек пен көкөністі тұтыну көрсеткіші республикадағы орташа көрсеткіштен төмен. Ал сүт және сүт өнімдерін тұтыну деңгейі жоғары, — деді Айбек Ғалымжанов.
Айта кетейік, отбасының табысы, баспанасы мен несиесі санатына қалай әсер етеді.