Ақтөбенің 6 мектебінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында мектеп, колледж директорлары мен сауда, ойын-сауық кешендері басшыларының қатысуымен өрт қауіпсіздігі шарасын күшейту шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің 6 мектебінде өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылған

Ресейдің Кемерова қаласында болған өрт оқиғасынан кейін мектеп, колледж басшыларына, сауда, ойын-сауық кешендерінің иелеріне мұқият болу ескертілді. Өртке қарсы күрес басқармасы тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Биыл 49 мектепті тексеру жоспарланған. Мамандар 6 мектепте өрт қауіпсіздігі ережесі бұзылғанын анықтады.

«Ақтөбе қаласындағы №26, 42, 58, 21, 60 және Елек орта мектептері өрт қауіпсіздігі ережесі сақталмаған. Тоқтың қысқа тұйықталуы, шығу есікті жауып тастап, темір торлар қойылған. Бұл тіркелген кемшіліктер»,- деді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар қызметі басқармасының басшысы Айбат Жаңабергенов.

Жиын кезінде Ақтөбедегі ең үлкен сауда орталығы «Керуен сити» сауда кешеніндегі қауіпсіздікті күшейту тапсырылды. Әрі қаладағы ең үлкен базарлар мен білім ордалары бақылауға алынады.

«Ресейде болған оқиға кезінде сауда орны жеке ме, оның иесі кім деп сұрап жатқандар аз. Бизнесті қорғау үшін тексеру болмады ма? Қайғылы жағдайдан кейін бұл сұрақ та маңызды емес. Бәрі баланың, адам өлімінің көп екенін айтты. Сондықтан өрт қауіпсіздігі шарасын күшейтіп, тексеруді жалғастыру керек»,- деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Жергілікті билік жеке балабақша, мектепті тексеруге құқықтары жоқ екенін еске салып, бақылаудың басқа әдістерін қарастыру тапсырылды. Әрі мектеп, балабақша балалары өрт кезінде қалай қимылдау керек екенін білуі тиіс. Жиын кезінде мектеп, колледж директорлары мен сауда, ойын-сауық кешендерінің басшыларына өрт кезіндегі оқиғалар көрсетілді.