Ақтөбенің әр ауданы тасқыннан зардап шеккендерге пәтер сыйлады

Ақтөбе облысындағы су тасқыны кезінде 74 саяжай кооперативіндегі 1 мыңға жуық үй суға кеткен болатын. Зардап шеккен 86 отбасыға жер телімі беріліп, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Су тасқынының зардабымен күрес кезінде жергілікті билік бюджеттен қаржы бөле алмады. Арнайы «Қолғанат Ақтөбе» қорын құрып, 164 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қаржының басым бөлігін ақтөбелік, маңғыстаулық мұнайшылар аударды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудандарға тапсырма беріп, бір отбасыны баспанамен қамтуға үндеді. Бүгін Ырғыз ауданы 10 адамы бар отбасыны қуантып, пәтер кілтін сыйлады.
«Көктемгі су тасқыны кезінде қала тұрғындары зардап шеккен болатын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үндеу тастаған соң Ырғыз ауданының белсенді азаматтары қалыс қалмауды жөн көрді. Ырғыздықтар Айнагүл Қисықованың отбасына көмек беріп, екі бөлмелі пәтер сатып алды»,- деді Ырғыз ауданының әкімі Мәди Елеусізов.
Айта кетейік, Айнагүл Қисықованың үйінде 10 адам бар. Немересі туа бітті сал ауруына шалдыққан.
«Әйтеке би ауданының Ақкөл ауылынан 5 жыл бұрын көшіп келген болатынмын. Қисықкөл бау-бақша ұжымында тұрдым. Су тасқынынан соң үйіміз тұруға жарамсыз болып қалды. Немерем туа бітті сал ауруына шалдыққан. Мұның бәрі бізге ауыр тиді. Ал бүгін баспаналы болып, қуанып қалдық. Рахмет айтамын»,- деді ол.