Ақтөбенің әр ауданында Әкелер аллеясы ашылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында III республикалық әкелер форумы өтті. Форум кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әр ауданда Әкелер аллеясы ашылатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің әр ауданында Әкелер аллеясы ашылады

Бүгін Ақтөбе қаласына балаларына үлгі болып жүрген әкелер жиналды. III республикалық форумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен қатысты. Мақсат - қоғамның назарын әкенің рөлі мен әкенің өскелең ұрпақты тәрбиелеуде қосатын үлесі мәселелеріне аудару.  

«Мемлекет басшысы қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға және қолдауға үлкен көңіл бөледі. Осы мақсатта көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар қабылданды, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін бағалау өте қиын. Облыстың барлық аудандарында үлгілі әкелердің мәртебесін асыру мақсатында Әкелер аллеясын салуды жоспарлап отырмыз», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
null

Республикалық форумға еліміздің әр өңірінен делегат,  Ұлттық комиссияның басшылығы мен мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, үлгілі әкелер қатысты.

«Бүгінде әкенің отбасы тәрбиесіндегі рөлін арттыру, балалардың патриотизм сезімін қалыптастырудағы әке рөлін күшейту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде білімге ұмтылдыру - біздің жұмысымыздың басты бағыты», - деп атап өтті ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен.
null

Қатысушылар әкелер институтының рөлін, жұмыс пен бала тәрбиесін үйлестіру, Қазақстандағы әкелердің қоғамдық қозғалысы дамуының бүгіні мен келешегін талқылады. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Әкелер кеңесі» қоғамдық бірлестігі әр аймақты өз бөлімшесін ашып, біріге жұмыс істеуді көздеп отыр.