Ақтөбенің бас мемлекеттік санитар дәрігері тұрғындарға үндеу жасады
Ақтөбе облысы 22-наурыз күні «сары» аймаққа кірді. Өткен тәулікте тағы 62 адам коронавирус жұқтырған. Көбі Ақтөбе қаласының тұрғыны. Сонымен бірге Мәртөк, Ойыл аудандарында да дерттің симптомды түріне шалдыққандар анықталды.
«Қазіргі таңда үй карантинінде 941 адам жатыр. Оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамын. Түрлі мерекелік іс-шараларды, тойлар мен отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын тағы да еске саламыз!. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы орган жанынан ұйымдастырылған мобильді топтар тарапынан кәсіпкерлік объектілерінде карантин талаптарын сақтау бойынша мониторинг күшейтілгенін еске саламыз!. Бетперде тәртібін, әлеуметтік қашықтықты және карантин талаптарын қатаң сақтаңыздар!. Қорғаныс құралдары инфекцияның таралуын азайтуға көмектесетінін түсінген абзал. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар!», -деді Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Жалпы облыста 5020 жағдай тіркелді. Оның 89,4% жазылып шықты.