Ақтөбенің кәсіпкерлері ауыл жолдарын жөндеп береді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде ірі тасжол бойындағы ауылға апарар жолдарды кәсіпкерлер өз қаржысына салады. Кейін 3-5 жыл ішінде мемлекет қаржыны түгел өтейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында жолға бөлінген қаржы он есе артты. Ең маңыздысы - Ақтөбе-Атырау тасжолы. Қазіргі кезде жол құрылысына қажетті материалдарды жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті билік жол жөндеу жұмыстары кезінде мемлекеттік-жекешелік серіктестік әдісін пайдалануды жөн көріп отыр. Себебі, үлкен тасжолды жөндеу кезінде ауылға барар шағын жол ескерусіз қалып, тұрғындар жиі шағым айтады.

«Үлкен жолды салған кезде шағын жолдар назардан тыс қалып жатады. Сондықтан биыл құрылыс компанияларына бес жобаны ұсындық. Олар жобалық-сметалық құжат дайындап, жолды салады. Біз 3-5 жыл аралығында қаржыны түгел қайтарамыз. Ал құрылыс компаниясы банктен несие алса, оның пайыздық үстемеақысын да мемлекет береді. Бұл біз үшін тиімді»,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Аязбай Османғалиев. 

Айта кетейік, Ақтөбеде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында 5 жоба дайын. Құны - 11 миллиард теңге.

«Темір ауданының Алтықарасу ауылына барар жол, Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде Асау Барақ көшесі, Ойылдағы Ақырап ауылының Болашақ көшесі жөнделеді. Сонымен қатар, Хромтау қаласындағы мектепке және балабақшаға барар жолға орташа жөндеу жүргізіледі»,- деді Аязбай Османғалиев.

Соңғы жаңалықтар