Ақтөбенің Ресеймен шекаралас ауданында шектеу шарасы күшейді

None
None
АҚТӨБЕ. Қазақпарат – Ақтөбенің Мәртөк ауданында шектеу шарасы күшейтілді. Жол бойындағы қызмет көрсету орталықтары азық-түлікті тек терезесінен ғана сатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің Мәртөк ауданы Ресеймен шекарада орналасқан. Мұндағы «Жайсаң» шекара бекеті арқылы күн сайын көп адам өтеді. Әрі карантиндік стационар орналасқан. Соңғы аптада бұл аудандағы тұрғындар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны артып, аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы шығарды.

«Жайсаң, Мәртөк, Тәңірберген, Сарыжар ауылдық округтері «Ақтөбе-Орынбор» тасжолының бойында орналасқан. Барлық қоғамдық тамақтану орны тапсырысты далаға шығарып беруге міндетті. Жол бойындағы жанар-жағармай бекеті, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендер тапсырысты терезеден ғана қабылдайды. Ал сенбі, жексенді және мейрам күндері азық-түлік емес дүкендер, қоғамдық тамақтану орны мен базарлар жұмысын тоқтатады. Полиция үй карантиніндегі адамдардың көшеге шықпауын қадағалауы тиіс», - деп жазылған Мәртөк аудандық бас мемлекеттік санитар дәрігер А.Шарафутдинованың қаулысында.

Еске салсақ, қазір инфекциялық стационарларда 80-нен астам адам емделіп жатыр.



Соңғы жаңалықтар