Ақтөбенің шалғай ауылында амбулатория ашылды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Мұғалжар ауданы, Жұрын ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұрын ауыл халқы білікті дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына барса, енді аудандағы мамандар дәрігерлік амбулаторияда кесте бойынша қабылдау жүргізеді.
«Бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның іші тар, ыңғайсыз болды. Жаңа амбулатория ауысымына 40 адамды қабылдай алады. Барлығы 17 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта орталық дәрігерлері барып, ем жүргізеді. Қосымша массаж жасау, физиатрия бөлмесі бар. Бұл созылмалы ауруларды емдеуге, олардың тез сауығуына бағытталған жұмыс», - деді Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Балтабек Құсайынов.
Сонымен қатар, амбулаториядағы медициналық аппараттардың бәрі жаңартылып жатыр.
«Мамандар мектеп оқушыларын медициналық тексеруден өткізуге барады. Сондай-ақ, айына бір рет білікті дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Ауданға жете алмайтын насқастарға ауылдағы амбулаторияда көмек көрсетіледі. Кабинет жеткілікті, аппараттары бар. Науқастар үшін күндізгі стационарға 6 кереует қойылды», - деді Балтабек Құсайынов.
Айта кетсек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа ғимартты салуға кәсіпкер 70 миллион теңге жұмсаған.