Ақтөбенің теміржол вокзалында қауіпсіздік күшейтіледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің вокзалына жолаушылардың жүгін тексеретін қондырғы орнатылды. 1 маусымнан бастап жолаушылар мен олардың жүгі тексеруден өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің теміржол вокзалында қауіпсіздік күшейтіледі

 Ақтөбенің теміржол вокзалында қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Қытайдан әкелінген қондырғы жолаушылардың жүгі мен адамдарды тексеруге арналған. Сондықтан алдағы уақытта жолаушылар пойыз уақытынан 1 сағат бұрын вокзалға келуі тиіс.

«Теміржол вокзалдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарына сәйкес 1 маусымнан бастап Ақтөбе темір жол вокзалында жолаушылардың қол жүгі мен жүктерін тексеру рәсімі енгізіледі. Тексеру рәсімі вокзал ғимаратына кіретін-шығатын орындарына орнатылған құрылғылардан адамдарды өткізу арқылы іске асырылады. Ал олардың жүктері рентген телевизиялық қондырғысы арқылы тексеріледі. Вокзал ғимаратына кіру қажет болмаған жағдайда жолаушы оның аумағын айналып өте алады. Жүктер мен қол жүргінен суық қару, дәрімен атылатын қару, улы заттар, тұтанғыш, жарылғыш, иісі өткір заттар тексеріледі. Оларды алып жүруге тыйым салынады»,- деді Ақтөбедегі  НЖС-11 вокзал шаруашылығы бойынша бөлім бастығы Ардақ Досмұхамбетов.

Алдын-ала болжам бойынша 1 минутта 1 адам тексеруден өтеді. Вокзалға күн сайын 3 мыңға жуық жолаушы, шығарып салушы мен билат сатып алушы келеді екен. Осы жайтты ескерген әкімшілік қызметкерлері пойызға мінетін адамдарды уақыттан 1 сағат бұрын келуін айтуда. 

«Алғашында вокзалға келушілердің бәрін тексермейміз. Адамдар үйренгенше тек күдіктілер қаралып, бақылауға алынады. Ал халық үйренген соң бәрін жаппай, арнайы құрылғымен тексереміз»,- деді А. Досмұхамбетов. Бұл жұмысты әскерилендірілген теміржол қызметі атқарады. Олар дайындықтан өткен.