Ақтөбенің бас санитария дәрігері сотталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Іс пара алу және пара беру баптарымен қозғалды. Пара берген де, оны алған да – мемлекеттік қызметшілер.

Ақтөбенің бас санитар дәрігері сотталды
Фото: instagram.com/esimbaev_meirzhan

Ақтөбе қаласының №2 сотында қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мейіржан Есімбаев, басқарманың жетекші маманы Ербол Жанғабаевке Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы, облыстық ветеринария басқарма басшысының орынбасары Болат Қазмұхамбетовке «Пара беру» баптары бойынша айып тағылып, іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, Болат Қазмұхамбетов 48 бала тәрбиелеуге арналған балабақшаның жұмысын жүргізуге, атап айтқанда тәрбиеленуші санын арттыруға рұқсат беруді сұрайды.

Ақтөбе қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Мейіржан Есімбаев қоластындағы жетекші маман Ербол Жанғабаевты шақырып алып, қажетті қорытынды рәсімдеп беруді, ғимараттың техникалық құжатын талапқа сай айқындауды тапсырады. Нәтижесінде жетекші маман балабақшаға 75 баланы қабылдауға болатындай етіп құжат рәсімдеп, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының жалған жобасын жасаған. Ал басқарма басшысы Мейіржан Есімбаев қорытындыны растап, қол қояды.

Бұл қызметі үшін Болат Қазмұхамбетовтен 300 мың теңге ақша алып, оның 90 мың теңгесін Болат Қазмұхамбетовке береді. Сотта сотталушы Болат Қазмұхамбетов тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындады. Ал басқарма басшысы Мейіржан Есімбаев ішінара мойындап, пара алды деп айыпталған Ербол Жанғабаев мойындамады.

- Сот үкімімен сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігімен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметтерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушылар Е. мен Ж. Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігінің 2 тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына мемлекеттік қызметтерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Шалқар ауданы әкімінің орынбасары Бектұрған Зайрымбет пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуі де алған ақшасын кері қайтарады. 

Соңғы жаңалықтар