Ақтөбенің Қаратал ауылында тасқын кезінде бұзылған үйлер сүріліп жатыр

үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында 178 үй қайта салынады. Қазір бұзылған үйлердің орнын жинап, тазарту жұмысы жүріп жатыр.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында 200-ден астам үй бар.

Су тасқыны кезінде оның тек 19-ы аман қалып, жөндеуге жарамды деп танылған.

Ал 178 үй қайта салынады. 

тасқын үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

— Бағалау комиссиясы жарамды деп тапқан 19 үйде адамдар тұрып жатыр. Ал өзгесіне 125 шатыр, 25 дана киіз үй берілді. Мұнда жарық бар, ал тамақ пісіруге қазан-ошақ, газ құрылғысы қолданылып жатыр. Бұзылған тұрғын үйлерді қайта салуға 2 ЖШС мердігер компания тартылған. «Строй стандарт» ЖШС 10 үйді, «ГТА сервис» ЖШС-і 4 үйді бастау үшін ескі үйлерді сүрді. Құрылыс материалдары тасымалануда, — деді Ш. Берсиев атындағы ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Шауменов.

Оның айтуынша, ауылдағы 100-ге жуық үйдің төбесі бұзылған. Ал 60 үйдің орны толық тегістелді. 

— Аудан бойынша жан-жақтан көмек барып жатыр. Алдымен бұзылған үйлердің орны тегістеледі. Аудан әкімдігі, қоғамдық штаб үндеуі тастады. Үй иелерінің әлі келмеген соң аудандағы барлық ауылдық округтерінен, мекемелерден, білім беру ұйымдарынан адамдар бөлек-бөлек келіп, үйлерді бөліп алып, көмек көрсетіп жатыр. Негізінен үй сол бұзылған ескі үйдің орнына салады. Онда инфрақұрылым бар әрі тұрғындардың өз қалауы соған сай, — деді Нұрлыбек Шауменов.

үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Еске салсақ, биыл наурыз айының соңында Қаратал ауылына су кіріп, тұрғындарды эвакуациялау қиынға соқты.

Кейін олардың бәрі тікұшақпен Ойыл ауданының орталығына жеткізілді. 

үй
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

 

Соңғы жаңалықтар