Ақтөбенің кейбір тұрғын алабында жарық сөніп, су беру шектеліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде мыңдаған абонент жарықсыз, кейбірі сусыз қалды.

Ақтөбе облысында ақтүтек боранға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Соның ішінде жарыққа жауапты «Энергосистема» ЖШС-і қалада 15 бригада шығарды. Себебі қала ішінде ғана емес, тұрғын алаптары мен аудандарда электр сымынан ақау шығып жатыр.
– Кеше түннен бері күшейтілген режимге көшіп, күндіз-түні жұмыс істеп жатырмыз. Қазір қала бойынша 15 бригадада 50-ден астам адам бар. Қала ішімен қатар Қурайлы, Құрашасай, Бауырластар тұрғын алаптарында авариялық жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен бірге Ойыл, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Алға аудандарында да авариялық сөну жұмысы болды. Мамандар мен техника жеткілікті. Тек көз көрінбес боран болып, діттеген жерге жете алмай отырмыз. Компанияның атқарушы директорының өзі шығып, шынжыр табанды екі көлік және арнайы техника жіберілді. Қаланың ішінде Шанхай, Мәскеу, Бауырластар-5, Заречный, Саяжай тұрған алаптарында жарығы сөнген абоненттер бар. Бірін жөндеп үлгеріп жатырмыз, кейбірі қайта сөнеді. Барлығы 2-3 мың болады қалада. Аудан бойынша шамамен 2 мыңдай абонент болуы мүмкін. Жел күшті болған соң сымдар бір-біріне соғып, кері әсерін тигізді. Құлаған бағана, үзілгені жоқ, - деді «Энергосистема» ЖШС бас инженері Асқар Бектұрғанов.
Сонымен бірге су беру де шектеліп жатыр.
– Қаланы сумен, жылумен қамту тұрақты жүріп тұр. Тек ауа райына байланысты көптеген жерде электр қуаты жоқ. Ал су айдайтын насостардың барлығы электр қуатымен жұмыс істейтіні белгілі. Бізде де әртүрлі жағдай болып жатыр. Біресе су беріледі, біресе жарықтың сөнуіне байланысты тоқтап қалады. Бауырластар 1, 2, Сазды тұрғын алабында су жоқ қазір. Сонымен бірге Тамды су қоймасында электр тогы жоқ. Сүт зауыты ауданы, Әуе қалашығы, Мәскеу, Болашақ, Юнис сити, 11 және 12 шағын аудардарында суға шектеу болып жатыр, - деді «Aqtobe su-energy group» АҚ бас инженері Амангелді Боранқұлов.
Еске салсақ, Ақтөбеде сабақ онлайн өтіп жатыр. Сонымен бірге 7 бағытта автобус тоқтап, тұрғын үйдің шатыры ұшты.