Ақтөбенің шалғай ауылдарына Starlink спутниктік интернеті жеткізілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбенің ауылдарына 46 Starlink спутниктік интернеті қондырылады. Қазіргі кезде екеуі жұмыс істеп тұр.
Су тасқыны кезінде төтенше жағдай жарияланған аудандарға 2 Starlink интернеті қондырылды. Бұл жұмыс әрі қарай жалғасады.
— Біздің өңірге 3 Starlink қондырғысы әкелінді. Оның екеуі қондырылды. Бірі Байғанин ауданының Миялы ауданында, екіншісі Ойыл ауданының орталығында. Негізі біз 46 Starlink интернетін қондырамыз. Алғашында су тасқыны кезінде штаб жұмысын күшейту үшін аса қажет деген аудандар таңдалды. Ауылды интернетпен қамту жұмысы әрі қарай жалғасады, — деді Ақтөбе облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев.
Starlink интернеті өткен аптадан бастап қондырылды. Өңірге келген шеберлер төтенше жағдай кезінде шұғыл шешім қабылданғанын айтты.
— Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Starlink интернетін қондырып жатыр. Біз шалғай жатқан, төтенше жағдай жарияланған аудан, ауылдарға бардық. Бір құрылғыны қондыруға 1-2 сағат жеткілікті. Жоғалы жылдамдықты интернет өте ыңғайлы. Бұл жолғысының қуаттылығы — 250-300 Мбит/сек, — деді мердігер мекеме өкілі Александр Сергеев.