Ақтөбенің шалғай ауылында ірі қара уланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Дүкен ауылының тұрғыны өрісте бұзау өлгенін хабарлап, көмек сұрады. Ветеринарлар тексеруден соң улану диагнозын қойды. Бұл – алдын ала болжам. 

сиыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Нұра ауылдық округіне қарасты Дүкен ауылында өрісте мал өлгені туралы хабарлама түсті.

– Ауыл тұрғыны өрістегі бұзаулардың өлімі туралы айтты. Аудандық ветеринария мамандары оқиға орнына барып, мал өлімінің себептерін тексеріп жатыр, - деп хабарлады Ырғыз аудандық әкімдігі. 

Кейін облыстық ветеринария басқармасы мән-жайды тексерді. Хабарлама кеше түсіп, ауыл тұрғыны мамандарға мүйізді ірі қара арасындағы ауру белгілері туралы айтып берген. 

– Хабар түскеннен кейін ветеринариялық мамандар жедел түрде оқиға орнына барып, эпизоотиялық тексеру жүргізді. Мал иесінің айтуынша, 1–10 тамыз аралығында биылғы төлден ауру байқалған. Алайда бұл туралы ол мал дәрігерлеріне алдын ала хабар бермеген. Тексеру барысында Д. Қойшыбаевтың екі бас ірі қарасы өлгені, тағы бір бас малдың ауырғаны анықталды. Ауырып тұрған мал сойылып, патологиялық материалдар алынып, Ақтөбе облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілді. Алдын ала қойылған диагноз – улану. Өлген жануардың өлекселері арнайы мал қорымына шығарылып, жойылды. Қалған мал басы ветеринариялық мамандардың бақылауына алынды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы. 

Еске салсақ, Ақтөбеде алты айда 2 мыңнан астам ірі қарадан бруцеллез анықталды. Ірі қарамен қатар 400-ден астам қой-ешкіден де бруцеллез тіркелді. Малдан ауру шыққан аулалар залалсыздандырылды.  

Соңғы жаңалықтар