Ақтөбенің ішкі туризмінде қай бағыттар сұранысқа ие

ақтөбе
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы бойынша қазір 18 туристік маршрут бар. Өңір тұрғындары көктемде Қасқыр сарқырамасына барып жатыр. Кейін Ақтолағай борлы тауы, Аққұмға сұраныс артады. Visit Aqtobe орталығы болса, биыл күзде Қытайда Ақтөбенің турмаршрутының таныстырылымын жасауды жоспарлап отыр.

Әр ауданның өз бренді бар

Ақтөбеде барлық ауданда туристік маршрут бар. Мәселен Қобда ауданында Абат Байтақ, Қобыланды батыр кесенесі мен Әлия ауылы, Бұлақ ауылдарына баруға болады. Бұл туристік маршрут тарихи танымды кеңейтуге бағытталған. Көбіне оқушылар мен студенттер барады.

Ал Ырғыз ауданында Ырғыз-Торғай табиғи қорығы мен Жаманшың кратерімен танысуға болады.

Әйтеке би ауданында Кіші жүз ханы Әбілқайыр жерленген жер бар. Кесене 2015 жылы күзде салынды. Шалғай жер болғанымен, бұл тарихи, киелі мекен. 

Ойылдың Көкжар жәрмеңкесі болса, тарихи ғимараттары сақталған жалғыз орын саналады. 

Ал Ақтолағай мен Аққұмға арналған туристік маршрут соңғы жылдары ғана ашылып, жоғары сұранысқа ие бола бастады. Мұнда қазақстандықтармен қатар, шетелдіктер де қызығады.

- Жаз айларында басқа елден, облыстан туристер көп келеді. Былтыр ақпараттық тур өтіп, дамуға серпін бергені рас. Өзгеден көріп, білген адамдар «Ақтолағайға, Аққұмға апар» деп жиі ұсыныс тастады. Ал жергілікті ақтөбеліктер Мәртөк орманы мен Қарғалыдағы Қасқыр сарқырамасына барады. Мәселен Қысқыр сарқырамасына бару құны 5 мың теңге болады. Бұл бағыт өз шығынын өзі ғана өтейді. Біз көлік жалдаймыз, гидке төлейміз. Өзге табыс та, шығын да жоқ. Негізі біз, туроператорлар шетелдік тур ұйымдастырып табыс табамыз, ал ішкі туризмнің маршруттары қосымша жарнама алаңы іспетті. Осы арқылы тепе-теңдікті сақтауға болады, - деді туроператор Еркебұлан Аймұратұлы.

ақтөбе облысы
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Оның айтуынша, былтыр өңірге шетелден көп адам келді. Гонконг, Украина, Ресей, Жапония мен Қытайдан да келіп, арнайы Ақтолағай бағытын таңдағандар жетерлік.

Сонымен бірге шетелдіктер «Димаштурды» таңдайды. Көбіне өңірде жыл сайын өткізілетін «Бақытты бала» байқауына келіп, әнші Димаш Құдайбергенмен жүзудесуді мақсат етеді.

- Соңғы жылдары әншінің өзі бұл байқаудың қонағы болып келмей жүр. Бірақ шетелдіктер сонда да күдер үзбей келіп, ол оқыған мектепке барады, ұстаздарымен кездеседі. Музыкалық колледжге барып, ұстазы Марат Әйтімовпен жүздеседі. Өзі тұрған үйіне де барады,- деді Еркебұлан Аймұратұлы.

Туроператордың Ақтөбеде бұрынғы турмаршрутты қайта жаңғыртуға арналған жобалары да бар. Ол да өңірдің табиғи ерекшелігін көрсетуге арналған бағыт.

туристік бағыт
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

- Соңғы жылдары Ақтөбе туризмінде ілгерілеу бар. Биыл Мұғалжар ауданына барғымыз келеді. Онда Орқаш табиғи қаумалы мен Мұғалжар тауларының бөктерін араласақ дейміз. Бұрыннан жол болмай, қиыналған едік. Сонымен бірге су тасқынының да кері әсері тиіп жатыр. Ойыл орманына биыл бара алмаймыз. Себебі ол жаққа қатынас қиындады, сонымен бірге туристерге қызмет көрсетіп отырған жеке кәсіпкер де тасқында зардап шекті. Бағасы туралы айтар болсақ, ішкі туризмді көп дегенде жылына 1 мың теңгеге қымбаттатып жатырмыз. Себебі бізге қызмет көрсететін салаларда баға өсімі бар, - деді Еркебұлан Аймұратұлы.

Ақтөбенің туристік бағыттарын таныстыру жалғасады

Жергілікті әкімдік Ақтөбенің турмаршруттарын таныстыру ақпараттық жұмысын жалғастырды. Былтыр Өскемен, Қостанай, Шымкент қалаларында, Қытайдың Пекин, Шанхай, Оңтүстік Кореяның Сеул қалаларында да роуд-шоу өтті.

- Биыл – Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы. Біз Қытайда таныстырылым жасадық. Ал қазан айында сол елде Ақтөбе облысының күндері өтпек. Сонымен бірге биыл қонақүйлермен арада меморандумға қол қойылды. Олар туристерге 5-10% жеңілдік жасайды. Жоспар бойынша «Ақтөбе» ФК бірлесіп мұражай ашуды жоспарлап отырмыз. Айына бір күн ашық есік күні өтіп, адамдардың танысуына жағдай жасалуы мүмкін. Тұрғындар, туристер кіріп, алаңды көріп, танысса дейміз. Мұндай сәтті қаншама бала аңсаң жүр?! Әрі «Жанды сабақтар» жобасы аясында облыстағы тарихи, мәдени орындарды таныстырғымыз келеді. Көбіне қала балалары қамтылады. Біз қауіпсіздік үшін полиция, медицина қызметкерлерін қатар ертіп жүреміз. Оны біз қыркүйек айына бекітіп отырмыз. Балалар Мәртөк, Қарғылы аудандарына сапарға шығып, түрлі нысандарды аралайды, - деді Visit Aqtobe туристік-ақпараттық орталығының директоры Манат Тайпақов.

туристік бағыт
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

Оның айтуынша, көпшілік туристік жерлерді әлеуметтік желі арқылы таниды. Сондықтан сол аймақтар алдын ала түсіріліп, көпшілікке таныстырылады.

- Сәуір, мамыр айларында Қарғалы ауданындағы Қысқыр сарқырамасына жиі барады. Ол жақта алдымен біз мониторинг жүргіземіз. Тазалығын қарап, жағдайын бақылаймыз. Сәуір-мамыр айларында 15-16 мың адам қамтылды. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері көп барады,- деді Манат Тайпақов.

Айта кетейік, Ақтөбеге былтыр 186 мыңнан астам адам келді. Оның 162 мыңы ішкі туристер болса, өзгесі шетелдік. Ақтөбеде турмаршруттар экологиялық, мәдени-танымдық, киелі жерлер бағыты деп бөлінеді.

Соңғы жаңалықтар