Ақтөбенің Жылтыр ауылында құм тоқтату жұмысы басталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылында құм тоқтату жұмысы басталды. Ауылға 20 мың түп көшет егіледі.

жасыл белдеу
Фото: astana-akshamy.kz

Шалқар ауданы Жылтыр ауылының тұрғындары құм тек қораға емес, үйге де кіре бастағанын айтып, былтыр көмек сұрады. Биыл құм тоқтату жұмысы басталып кетті. 

⁠— Шалқар ауданындағы Жылтыр ауылында көшпелі құмды тоқтату жұмысы қолға алынды. Көшетті «Үлкен-Борсық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-і егіп береді, — деді Ақтөбе облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Таласпаев. 

Ал Шалқар ауданы әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биыл жергілікті бюджеттен 7 млн теңге бөлінді. Жұмысты өз міндетіне алған «Аманбаев» ЖК-і құм шығару жұмысын жүргізіп жатыр. Кейін көшет егу жұмысы басталады.

Айта кетейік, Ақтөбеде барлығы 19 ауылда құм көшкіні мәселесі бар. Олар Темір, Ырғыз, Шалқар, Байғанин аудандарында орналасқан.

Соңғы жаңалықтар