Ақтолағай борлы тауы аумағында барлау жұмысы жүріп жатқаны рас па

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Көмірсутекті барлау және өндіру келісімшарты 2022 жылы жасалды және ол 2028 жылға дейін жарамды. Барлау компаниясы Ақтолағайдағы 618,86 шаршы шақырымды кері қайтарған.

Қазақстанда геологиялық зерттеу аумағы кеңейеді: 20 жоба іске қосылды
Фото: Gov.kz

ҚР Энергетика министрлігі мен «West Precaspian Company» ЖШС арасындағы келісімшарт 2022 жылы тамыз айында жасалды. Келісімшарт аясында Ақтөбе облысының Байғанин ауданында орналасқан «Шұңқырқол» учаскесінде көмірсутектерді барлау және өндіру жұмыстарына рұқсат берілген. Алғашқы келісімшарт бойынша аумақтың жалпы көлемі 3 066,57 шаршы шақырым болды. Кейін барлау компаниясы жердің бір бөлігін кері қайтарған.

- 2025 жылы 5 қыркүйекте компания 777,05 шаршы км болатын жерді, оның ішінде ауданы 618,86 шаршы шақырып болатын №2 блокты (Ақтолағай-ред.) ерікті түрде қайтарды. Ақтолағай тауларына жақын аумақ, оның ішінде ауданы 618,86 шаршы км болатын жерде геогиялық барлау жұмыстары жүргізілген жоқ. Қазіргі кезде келісімшарт бойынша жердің ауданы – 2 295, 47 шаршы шақырым.

Келісімшарттың қолданылу мерзімі 2028 жылғы тамызға дейін, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы.

Еске салсақ, 2023 жылы туристік компания өкілдері мен көпшілік арасында наразылық туындап, барлауға берілген жер көлемі қайта қаралды. Сол кезде Ақтөбе облыстық экология департаменті Ақтолағайдың республикалық немесе облыстық маңызды аумаққа кіретіні белгілеуді ұсынды.