«Ақтолағай» борлы тауы маңында барлау жұмысы жүргізілуі мүмкін

ақтолағай
Фото: aqtobegazeti.kz

Ақтолағай борлы тауында қазір барлау жұмысы басталған жоқ. Қоғамдық пікір мен қарсылықтан соң «West Precaspian Company» компаниясы ҚР Экология министрлігіне барлау территориясын азайту үшін қайта өтініш түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

Ақтолағай борлы тауы маңына барлау жүргізу үшін «West Precaspian Company» компаниясы келісімшартқа отырып, жергілікті әкімдікке барды. Сол кезде туристік компания өкілдері мен көпшілік арасында наразылық туындап, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының әкімдігі арызды кері қайтарды.

«Негізі компания лицензия алады. Кейін әкімдікке келіп, сол аумақтан жер бер деп сұрайды. Бірінші арыз кері қайтарылды. Қазір компания белгіленген территория көлемін азайтып, Ақтолағайдан алшақ жерде барлау жүргізу үшін қайта өтініш түсірген. «West Precaspian Company» барлау компаниясы алғашында 3063 шаршы шақырым жерге барлау жүргізу үшін лицензия алған. Ол кезде барлау жұмыстары Ақтолағай шатқалы, тауынан 2 шақырым қашықтықта еді. Біз арызын кейін қайтарғаннан кейін жер көлемін 1116 шаршы шақырым деп алып, Ақтолағайдан 9 шақырым қашық болу үшін қайта құжат жасап жатыр. Яғни, жер көлемі 36% кішірейіп тұр», - деді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.

Ақтолағай борлы тауы 2006 жылы ҚР Үкіметі бекіткен ерекше қорғалатын аумақ тізімінде бар. Арада 17 жыл өткенімен шекарасы бекімеді, паспорты да жоқ. «West Precaspian Company» компаниясына аумақ бөлінген кезде бос жер ретінде қаралған.

«Экология департаменті территорияны нақты анықтау керек деп талап қойып отыр. Қазір компания барлауға рұқсат берген екінші тарапқа хат жазды. Шешімді 29 қыркүйекке дейін қабылдайды. Талап бойынша Ақтолағайдың республикалық немесе облыстық маңызды аумаққа кіретіні белгіленуі тиіс. Яғни, ғылыми негіздемесі болуы керек. Қандай аң-құс мекендейді, өсімдіктері туралы. Кейін техникалық-экономикалық негіздеме жасалуы керек. Кім қорғайды, қанша инспектор деген сұрақтар да бар»,- деді Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

Оның сөзінше, паспортты жергілікті әкімдік, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы немесе министрлік жасауы тиіс.

«Бізде пасторт жоқ. Ақтолағай соңғы 2-3 жылда ғана таныла бастады. Оған дейін тек жерлігікті адамдар білді. Паспортты қалай жасау керек екенін жер бөлімінен анықтап білейін. Негізі барлау жұмыстары Миялы ауылдық округіне қарай жүргізіледі. Таудың баурайында жасай алмайды. Тек жалпы картаға кіріп кетіп тұр. Әзір жерді бермей, кері қайтарып отырмыз. Егер территориясы қайта анықталып, өзгерсе, біз заңды түрде кері қайтаруға құқығымыз жоқ. Біз онда беруіміз керек», - деді Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаров.

Еске салсақ, туристердің сүйікті мекені Ақтолағайдан мұнайдың көлемін анықтау үшін барлау жұмыстары басталмақ еді. Көпшіліктің қарсылығынан соң арыз кері қайтарылды.

Соңғы жаңалықтар