Ақылы полиция туралы алыпқашпа әңгіме негізсіз - Астана полициясы
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында Бақытжан Малыбаевқа «ақылы полиция деген бола ма?» деген сұрақ қойылған болатын.
«Ақылы полиция туралы шынымды айтсам, бірінші рет сізден естіп тұрмын. Меніңше, бұл сандырақ сөз. Ешқашан олай болмайды. Бізде бәрі заң алдында бірдей. Біздің бұйрық бойынша қоңырау келіп түссе, құқық қорғаушы 70 минуттың ішінде жетуі тиіс», - дейді Бақытжан Малыбаев.
Жергілікті полиция бастығы сонымен бірге полиция көп жағдайда кешікпеуге күш салатынын айтып өтті.
«Бізде жеке құрамда жетіспеушілік сезіледі. Себебі,күніне 1200-1500 қоңырау келіп түседі. Тәртіп сақшылары барынша уақтылы жетуге тырысады. Уақтылы жетпегендер болса біз әрбіреуі бойынша жеке іс жүргізетін боламыз. Егер бұл бағытта құқық қорғаушының кінәсі анықталып жатса, оған қатысты тәртіптік жаза қолданылатын болады», - дейді Бақытжан Малыбаев.