Әл-Фарабидегі жол апаты бойынша сот: прокурор 10 жыл жаза сұрады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әл-Фараби даңғылында болған жол апаты байланысты сот Алматыда өтіп жатыр.
Бүгін соттың жарыссөзі басталды. Іске қатысқан прокурор 32 жастағы сотталушы Александр Пакты 10 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
— Жол-көлік оқиғасына қатысты кешенді сот сараптамасының қорытындысына ерекше назар аударғым келеді. Сараптама тұжырымына сәйкес, соқтығысу алдында көліктің қозғалыс жылдамдығы сағатына шамамен 115 шақырымды құраған. Қала жағдайында, түнде және алкогольдік мас күйінде көлікті мұндай жылдамдықпен басқаруды жай ғана абайсыздық деп бағалауға болмайды. Бұл — жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін саналы түрде өлім қаупін тудыру. Осылайша, сотталушының көлікті мас күйінде басқарғаны, жол жүру ережесін бұзғаны және абайсыздықтан жәбірленушілердің өліміне себепші болғаны сот отырысында зерттелген дәлелдермен толық расталды, — деді прокурор.
Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызға қараған түні Zeekr көлігінің жүргізушісі Әл-Фараби даңғылының бойымен келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Іс бойынша сот отырысында жәбірленушілер Александр Пакке кешірім берді.
Сондай-ақ Әл-Фарабиде даңғылында болған жол апатының бейнежазбасы сотта көрсетілді.
Бірнеше куәгер сотта жаңа деректермен бөлісті.
Сондай-ақ сотта айыпталушы Александр Пактан жауап алынды.
Кейін жол апаты бойынша сотта іске жаңа жәбірленуші қосылып, ол сотталушыға ешқандай кешірім бермейтінін атап өтті.