Алатау қаласында заңсыз қалдық төгуге қарсы қатаң шаралар қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды белгіленген аумақтардан тыс жерге тастауға тыйым салынатынын мәлімдейді.
Алатау қаласының маңындағы Алматы-Өскемен тас жолында заңсыз қалдық төгу фактісі тексерілді. «PepsiCo Central Asia» компаниясына құрылыс жүргізген бас мердігер «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС осы бұзушылық үшін жауапты болып шықты.
Құқық бұзушылыққа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, қысқартылған тәртіппен айыппұл салынды. Бұзушылыққа себеп болған жағдайларды жою үшін арнайы хабарлама берілді, алаңда қатаң экологиялық бақылау енгізілді.
Сонымен қатар, қалдықтарды басқаруда ішкі бақылау жүйесі құрылып, персонал қайта оқытылды. Әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі айқындалды.

— Заңсыз қоқыс төгуге жол жоқ. Айыппұлдар екі есеге көбейтіліп, заңсыз қалдық таситын көліктер тәркіленеді. Қоршаған ортаны қорғау заңын сақтау әрі бақылау күшейтілді, — деп ескертеді министрлік.
Бұған дейін СҚО-да соңғы бес жылда рұқсатсыз қоқыс орындары бес есе қысқарғанын жазған едік.