Алатау қаласының әкімдігі неліктен екі бөлек отыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов жаңадан құрылған шаһарға байланысты сұрақтарға жауап берді.

Қала басшысы әкімдіктің ғимараты неліктен Алатау қаласының негізгі аумағы мен Қоянқұс ауылында бөлініп орналасқанын түсіндірді.
— Бізде қаланың ұзындығы 50 шақырымдай. Біз Алматы қаласынан бастап Қонаев қаласына дейінгі төңіректе орналасқанбыз. Сондықтан халыққа ыңғайлы болсын деп әкімдік екі жерде орналасқан. Мысалы, қаланың бас жағында 25 мыңдай адам, ал Жетіген аймағында 30 мыңдай адам тұрады. Жетігендегі ғимаратымызда қызметкерлеріміздің 30-40%-ы отырады. Қалған 60-70%-ы Қоянқұста орналасқан, — деді ол.
Алатау әкімінің айтуынша, Алматы қаласының маңындағы Жаңаталап, Қоянқұс, Ынтымақ төңірегіндегі тұрғындар Қоянқұстағы әкімдікке, ал Заречный, Арна, Жетіген, Қайрат тұрғындары бұрынғы Жетігендегі әкімдікке барады.
— Осы екі жерде де тұрғындар құжаттарын реттей алады. Екі орталықта да жер маманы, архитектор мамандар бар, — деді әкім.
Еске салайық, бұған дейін Алатау қаласын салуға қаражат қайдан алынатынын жазғанбыз.