Алатау қаласының арнаулы мәртебесі: дербес экожүйе ретінде қарастырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заңының жобасын таныстырды.
— Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес, Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделген. Оның негізгі мақсаты — Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау. Жақында қабылданған Конституцияда жекелеген өңірлердің экономикасын жылдамдату үшін «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимін конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген. Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді, — деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеуге жетекші халықаралық сарапшылар тартылды. Сарапшылар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань (Қытай), Седжон мен Сонгдо (Корея), сондай‑ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды.
— Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Негізгі рөлді тиімді институционалдық орта атқарады. Мысалы, Шэньчжэнь мен Хайнань тәжірибесі — бұл өңірлерде жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режимдерін бекіте алады, жеңілдіктерді әкімшілендіреді және инвестициялық қолдауды басқарады.
Нәтижесінде, шешімдер жедел қабылданады, орталық органдармен функциялары қайталанбайды. Хайнань провинциясы одан да кең экономикалық өкілеттіктер алды. Осы жылдан бастап Хайнань жаңа сауда және инвестициялық хаб ретінде жарияланды.
Осыларды ескере отырып, Алатау қаласында да әкімшілік салық режимдерін бекіту, жеңілдіктерді және инвестициялық қолдаудағы дербестікті енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл, әсіресе, Қазақстанда әлі толық енгізілмеген жаңа салалар үшін маңызды. Мысалы, «төмен биіктіктегі экономика» бағытында 3 мың метрге дейінгі әуе кеңістігін пайдалану сияқты жаңа мүмкіндіктер қарастырылады. Дубайдың арнайы экономикалық аймағының тәжірибесі бір орталықтан мемлекеттік қызметтерді, бақылауды және әкімшілендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл тетік бизнес‑лицензияларды беруді де қамтиды. Сингапур тәжірибесі ұзақ мерзімді 50 жылға дейінгі стратегиялық құжаттардың маңыздылығын көрсетті.
Инвесторлар үшін түсінікті әрі тұрақты ережелер қажет. Сондықтан қаланың да стратегиялық құжаттары ұзақ кезеңге қабылдануы тиіс. Осындай құжаттарға кемінде 5–10 жыл өзгеріс енгізілмеу қажет, — деді Үкімет басшысының орынбасары.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.