Алаяққа алданбау үшін нені білу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Зейнеткерлердің аңқаулығын, заманауи технологияларды жетік білмеуі мен үрейге тез бой алдыратынын білетін алаяқтар оларды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап табуда. Осы орайда ІІМ кеңінен таралған алаяқтық әрекеттер жайлы мәліметпен бөлісті.

Министрлік қаскүнемдер қарттарды алдап, қаражатын қолды етуге қолданатын басты мынадай сценарийлерді атап өтеді:
«Туысыңыз бәлеге ұшырады»
Алаяқтар қоңырау шалып, ұлының, немересінің немесе жақын туысының қиын жағдайға тап болғанын хабарлайды: жол-көлік апатына тап болды, полиция қамады немесе медициналық көмекке мұқтаж. Содан кейін «босату» немесе «емдеу» үшін ақша аударуды талап етеді. Бұл орайда қарттардың күдігін сейілту үшін жалған полиция немесе дәрігердің қызметіне жүгінеді.
— Мұндай жағдайда үрейге бой алдырмау маңызды. Нақтылау сауалдарын қойып, туысыңызға немесе отбасыңыздың өзге де мүшелеріне қоңырау шалу қажет, — деп кеңес береді ведомстводан.
«Банк қызметкері»
Қылмыскерлер өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, картаңызды «бұзғандықтан» күдікті операция жүріп жатқанын, не болмаса ақшаңызды тез арада «қорғалған есепшотқа» аударуыңыз керектігін айтады. Сонымен қатар алаяқтар карта деректерін, CVV-кодты және СМС арқылы келетін құпия санды сұрауы мүмкін.
— Телефон арқылы еш уақытта банк деректерін айтпаңыз. Кез келген күдік тудыратын жайтта ресми нөмірлер арқылы банкке хабарласыңыз, — деп түсіндіреді министрліктен.
«Мемлекеттік қызмет қызметкері»
Мұндай жағдайда қаскүнемдер өзін зейнетақы қорының, әлеуметтік қорғау не салық қызметінің қызметкері ретінде таныстырады. Олар тиесілі үстемақы, зейнетақыны қайта есептеу немесе қарыз сияқты желеу айтып, төлқұжат деректерін немесе банк картасы туралы ақпаратты сұрайды.
«Жалған ұтыс пен лотерея»
Зейнеткерге қомақты жүлде — пәтер, көлік немесе саяхаттауға жолдама ұтып алғанын хабарлайды. Жүлдені алу үшін салық немесе комиссия төлеуді сұрайды. Ақша аударылғаннан кейін алаяқ ізім-қайым жоғалады. Ішкі істер министрлігі тоқмейілсуге болмайтындығын ескертеді. Егер сіз лотереяға қатыспасаңыз, демек ештеңе ұтып алған жоқсыз.
«Интернет алаяқтық»
Қаскүнемдер банктердің, зейнетақы қорының, интернет дүкендердің жалған сайттарын жасайды. Содан кейін алдау арқылы тұтынушылардың банк картасы деректері мен жеке мәліметтерін қолға түсіреді. Мұндай жағдайда ІІМ деректерді енгізбес бұрын сайттың адресін тексеруге, күдік тудыратын сайттарға кірмеуге кеңес береді.
Министрлік атап өткен тағы бір алаяқтық әдісі — қаржы пирамидасы немесе «тиімді инвестиция». Алаяқтар «жоғары пайыз» мөлшерлемемен немесе «табысы кепілді жобаға» ақша салуды ұсынады. Ведомство азаматтарға күдікті жобаларға ақша салмауға, инвестиция құяр алдында компанияны тексеріп алуға кеңес береді.
Бұған дейін банктер мен ұялы байланыс операторлары алаяқ құрбандарының шығындарын өтеуге міндетті болуы мүмкін екенін жазған едік.