Алаяқтар ауыспалы нөмір арқылы елдің есін ауыстырады – ІІМ өкілі

интернет алаяқтық
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері елімізде интернет-алаяқтықтың 5 мыңға жуық фактісі тіркелген. Бұл – барлық алаяқтық қылмыстардың шамамен 43 пайызын құрайды. Полицейлердің жедел әрекеті нәтижесінде тұрғындардың 188 млн теңгеге жуық ақшасы қайтарылған.

ІІМ департамент бастығы Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, банк қызметкерлері немесе брокерлердің атынан ауыспалы нөмірлер арқылы жасалатын алаяқтық кең таралған.

«Біздің бастамамыз бойынша Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау шаралары қабылданды. Бұл жоба іске қосылған сəттен бастап 45 млн қоңырауға тосқауыл қойылды. Сонымен қатар, шетелдік нөмірлерден жəне WhatsApp, Telegram сияқты мессенджерлер арқылы жасалатын алаяқтықтар да тіркеліп жатады. Биыл үш айда банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атын жамылып жасалған 1278 қылмыс тіркелді», - дейді ол.

Бұдан бөлек, əртүрлі жобаларға, биржаларға тиімді инвестиция салу сылтауымен жасалатын алаяқтық фактілері жиі кездеседі.

Жалпы, бұл саладағы қылмыстарға қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында былтыр «Киберқылмысқа, оның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған телефон жəне интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» іске асырылып жатыр.

«Бағдарлама шеңберінде ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар өткізіліп, мүдделі мемлекеттік органдармен жəне жеке сектормен өзара іс-қимыл жолға қойылды. Бірінші кезекте халықпен кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері 6 мыңға жуық профилактикалық материалдар таратылып, қоғамдық жерлерде бір миллионнан астам ескерту материалдары орналастырылды. Сондай-ақ, биыл біз «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, шетелдік қылмыскерлер жасайтын телефон алаяқтықтарына қарсы іс-қимылдың жаңа техникалық əдісін енгіздік», - дейді Шыңғыс Әлекешев.

Енді IP жəне SIP телефонияны пайдаланатын, елден тыс жерде орналасқан алаяқтар ҚР азаматтарының қалалық абоненттік нөмірлеріне қоңырау шалып, өздерінің қылмыстық мақсаттарын жүзеге асыра алмайды. Арнайы жүйе олардың қоңырауларын танып, бірден бұғаттайды. Жыл басынан бері 2 миллионнан астам осындай қоңырау бұғатталды. Бұл телефон алаяқтығын азайтып қана қоймай, оны толығымен тоқтатуға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар