Алаяқтар енді Шымкент әкімінің атын жамылып жүр

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM. Интернет-алаяқтар енді Шымкент әкімінің атын жамылып, оңай олжа табудың әдісіне көшкен. Бұл туралы қала әкімі желі парақшасында жазып, тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Фейк
Фото: instagram.com/gabit_syzdykbekov

Шаһар басшысының жазуынша, WhatsApp мессенджерінде әкімнің атынан жалған хабарламалар жіберіліп, тіпті ақша сұрап жатыр екен. 

«Бұл жалған! Мұны интернет-алаяқтары жібереді. Сіздерден жалған ақпаратқа сеніп, бейтаныс нөмірге ақша аудармауларыңызды сұраймын. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Менің Instagram, Facebook әлеуметтік желісінде тек екі ресми аккаунтым бар. Мен барлық хабарламаларды тек жеке телефонымнан және ресми аккаунтымнан жіберемін. Егер сізге менің фотосуретім қойылған жасырын нөмірден қоңырау немесе хабарлама келсе, оған мән бермеңіз. Сақ болуларыңызды және арандатушылыққа бой алдырмауларыңызды сұраймын»,- деп жазды Шымкент әкімі. 

Біз бұған дейін алаяқтар WhatsApp, Telegram және т.б мессенджерлерде антикор басшылығы мен қызметкерлерінің атынан жалған аккаунттар ашып, жалған хабарламалар тарата бастағаны туралы жазған едік. 

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли тұрғындарға алаяқтар хабарласқан жағдайда не істеу керегін түсіндіріп берген болатын. 

Соңғы жаңалықтар