Алаяқтар рәсімдеген несие қалай есептен шығарылады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов алаяқтар рәсімдеген несиелерді есептен шығару тетіктерін түсіндірді.

Қазір қолданыстағы нормаға сәйкес, алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер тек сот шешімімен ғана есептен шығарылады. Ал тұтынушылар құқығын қорғау туралы жаңа заң аясында өзге тәртіп енгізу ұсынылып отыр.
— Аталған заң жобасы аясында біз алаяқтық несиелерді сотқа дейін есептен шығару тетігін енгізіп отырмыз. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы азаматтардың жекелеген санаттары үшін осы заң жобасы аясында енгізілген 24 сағаттық күту кезеңінде олардың міндетті қатысуы талап етілетін норманы бұзса немесе несие алу үшін қосымша келісім алу талабын орындамаса, бұл жағдайларды әкімшілендіру және дәлелдеу оңай. Мұндай жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл несиелерді сотқа дейінгі тәртіппен міндетті түрде есептен шығаруы керек, — деп түсіндірді О. Қизатов Сенатта өткен брифингте.
Сонымен бірге, О. Қизатов алаяқтар рәсімдеген несиені төлеп жатқандарға немесе төлемді аяқтағандарға қаражат қайтарылмайтынын айтты.
Айта кетейік, бүгін Сенат тұтынушылар құқығын қорғау заңына 24 түзету енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды.
Сондай-ақ, Қазақстан аумағында филиалын ашқысы келген шетелдік банктер активіне қойылатын талап 10 млрд долларға дейін төмендетілді.