Алаяқтар сот әкімшілігі басшысының атын жамылып жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Алаяқтар Астана қаласы Сот әкімшілігі департаменті басшылығының фотосуреттерін пайдаланып жүр. Бұл туралы департамент басшысы Елдос Жұмақсанов Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, ведомствода қызметкерлер арасында алаяқтық схемаларға қатысты тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алайда соған қарамастан, мұндай деректер әлі де кездесіп отыр.
- Өкінішке қарай, WhatsApp, өзге де мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, біздің фотосуреттерімізді алып, қызметкерлерге таратып, атымыздан ақша сұрау фактілері бар. Кей жағдайда өздерін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Мұндай жайттар бойынша біз әрдайым қызметкерлерге ескертіп, алданбауды түсіндіреміз, – деді Елдос Жұмақсанов.
Сондай-ақ ол Сот әкімшілігінде қызметкерлердің құмар ойындарға қатысу-қатыспауына қатысты тұрақты тексерулер жүргізілетінін атап өтті. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынған. Мұндай деректер анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар қатаң тәртіптік жазаға, тіпті жұмыстан босатуға дейін тартылатынын айтты.
Елдос Жұмақсановтың хабарлауынша, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап департаментке жұмысқа қабылдау талаптары күшейтілген. Кандидаттарды іріктеу кезінде ықпал ету факторларын болдырмау мақсатында үміткерлер төрт кезеңнен тұратын іріктеу рәсімінен өтеді. Оның алғашқы үш кезеңі Сот әкімшілігінен тыс жүргізіледі және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арқылы шифрланған форматта өтеді. Тек төртінші кезеңде ғана үміткерлермен әңгімелесу жүргізіледі.
Бұған дейін Ұлттық компания атын жамылған алаяқтар көбейгенін жазғанбыз.