Алдағы жылдары ЖОО-лар түлектерінің жұмысқа орналасуы деңгейі арта ма?

Министр Бақытжан Жұмағұловтың сөзімен айтатын болсақ, ведомство аталған университеттерді қысқартуға қаншалықты дәмелі болғанымен, бұл ЖОО-лардың мүддесін қорғайтын адамдардың барлық орталық органдарда болуы елеулі кедергі жасауда.
«Бұл ешкімге де құпия емес. Сондықтан да мен бүгін бұл бағыттағы жұмыстар оңайға түспейтінін айтамын. Алайда, біз бұл тұрғыда тиісті шараларды атқарудамыз», - деді бүгін ол Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Әлемдік тәжірибе бойынша 1 млн. халыққа орташа есеппен 6 жоғары оқу орнынан келеді екен. Осы көрсеткішті ескере отырып, онда Қазақстанда шамамен 100 ЖОО болуы тиіс көрінеді. Елімізде бүгінде 13 жоғары оқу орны әскери және құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлайды. Сонда қалған ЖОО-лар саны 80-нен астам болмақ.
Айта кетейік, қазіргі кезде Елбасының тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындарын оңтайландыру жүргізілуде. Бүгінде олардың саны 149-дан 136-ға дейін қысқартылғаны мәлім. «Тәжірибе көрсеткендей коммерциялық жоғары оқу орындарының көпшілігі білім беру сапасы жағынан сын көтермейді. Сондықтан, таяудағы 3 жыл ішінде олардың санын 66-дан 30-ға дейін қысқарту жоспарлануда. Жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды ескере отырып, бұл іске өте жауапты қарайтын боламыз», - деді ведомство басшысы. Министрліктегілердің пайымдауынша, оңтайландырудың негізгі мақсаты - қажетті даярлау сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Сондықтан, ірілендіру нәтижесінде жоғары оқу орындары өз әлеуетін арттырады. Сонымен қатар бітіруші мамандардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алатын болады.
Атап айтқанда, бірігетін жоғары оқу орындарының студенттері оқуларын жалғастыратын болады. Бұл қадамды ведомство міндетті талап ретінде ескеріп отырған көрінеді.
Жалпы, Қазақстанда жоғары оқу орындарын қысқартуды бүгінгі жағдай талап етуде, яғни кейбір ЖОО-да 200 ғана студент білім алып жатыр екен. Бұл оқу орындары кезінде 30 мамандық бойынша білім беру үшін лицензияға қол жеткізген көрінеді. Осы орайда енді таяудағы 2 жылда еліміздегі жоғары оқу орындарының жалпы саны 100-ге жетіп жығылмақ. Яғни, осы қадамдар арқылы көптеген аймақтарда 1 мемлекеттік және 1 ірі жекеменшік жоғары оқу орны тәлім берумен айналысады деген сөз.
Бұдан бөлек, министр мырза орта білім саласында 12 жылдық оқытуға көшуге дайындық жұмыстары аяқталып қалғанын айта келе, енді 2015 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға толық көшуді бастайтындығымызды сөз етті. Сонымен бірге, 11 жылдық оқытудың жаңа стандарты да қабылданды. Өйткені, 12 жылдық білім беруге толық көшкенге дейін, яғни 2019 жылға дейін оқушылардың басым көпшілігі осы стандартпен оқитын болады.
«Ал мұғалімдердің біліктілігі бойынша Мемлекеттік бағдарламаның индикаторы да артығымен орындалды. Қазірдің өзінде 2013 жылдың жоспары мерзімінен бұрын жүзеге асты. Назарбаев зияткерлік мектептері мен Кембридж университеті әзірлеген біліктілікті арттыру жүйесінің маңызы зор. 2 жыл ішінде жаңа жүйе бойынша 8 мың педагог курстан өтті. Олар жалақысына үстемеақы алуда», - деп нақтылап өтті Б. Жұмағұлов. Бұл бағыттағы жетістік жан басына қаржыландыруды енгізумен байланысты болды.
Мұндай механизм аймақтар бойынша оқытуға жұмсалатын шығыстарды теңестіріп, сонымен қатар, бұл - педагогтарды материалдық жағынан ынталандырудың жаңа құралына айналмақ. Осылайша, мектептер мен мұғалімдер өз жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлетін болады. Белгілі болғандай, осыған байланысты министрлік педагогтардың жалақысын дифференциалды көтеру бойынша жаңа ұсыныс дайындап жатыр екен.
Сонымен қатар ведомство басшысы Үкімет отырысы барысында техникалық және кәсіптік білім беру саласына мамандарды тартуға 1,6 млрд. теңге қосымша қаржы бөлу туралы ұсыныс жасады.
«Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі басты жаңалық - жұмыс берушілермен өзара тығыз байланыс орнатылды. Енді олар Ұлттық және аймақтық кеңестерге, кәсіптік-техникалық ұйымдарды басқаруға, кәсіптік стандарттарды әзірлеуге қатысады. Жұмыс берушілер бірлестігінің базасында біліктілікті растау орталығы құрылды. Дуалды оқыту жүйесін дамыту басталды. Қазір оған 100-ден астам кәсіпорын қатысуда», - деді министр. Оның пайымдауынша, осы атқарылған жұмыстар мамандарға деген сұраныстың артуына және олардың жұмысқа орналасуына айтарлықтай әсер етуде.
«Ең маңызды мәселелердің бірі - техникалық және кәсіптік білім беру саласын білікті өндірістік оқыту шеберлерімен қамтамасыз ету. Қазір олардың жалақысы өндірісте жұмыс жасайтындардан әлдеқайда төмен. Сондықтан білікті мамандарды бұл салада ұстап тұру өте қиын. Осыған байланысты 1620 өндіріс мамандарын тарту үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,6 млрд. теңге бөлу туралы ұсыныс дайындадық. Осындай мақсатты ынталандыру жоғарыда аталған міндетті түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті ол.
Мұнымен қоса, мамандар қажеттілігі тұрғысында министрлік жыл сайын еңбек нарығы қажеттілігіне және индустриялық-инновациялық дамуға сәйкес мемлекеттік тапсырысты түзетіп отырады. Әрине, қажеттілікке оқу сапасы да айтарлықтай әсер ететіні де белгілі. Бұл мәселеде 2 жаңа механизм іске қосылған көрінеді. Бұл тұрғыда әлемнің үздік университеттеріндегі академиялық мобильдік пен үздік 1000-даған шетелдік профессорды шақыру ескерілген. Б. Жұмағұловтың пайымдауынша, мұның нәтижесі - түлектердің жұмысқа орналасуы көрсеткішінің өсуі болмақ. Егер де бұл көрсеткіш 2010 жылы - 60 пайыз, 2012 - 65 пайыз деңгейінде болса, ал 2015 жылы 78 пайызға қол жеткізу көзделіп отыр.
Министрді тыңдап болғаннан кейін Премьер-Министр Серік Ахметов ЖОО-ларды түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша бағалауды ұсынды. «Жоғары білім беруге қатысты айтар болсақ, ЖОО-ларды бағалау үшін басты өлшем түлектердің жұмысқа орналасуы болуы тиіс, деп санаймын. Бұл - маңызды аспект. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында болуы тиіс. Әсіресе жеке ЖОО-лар түлектерінің жұмысқа орналасуы да. Соған сәйкес жұмыс берушінің, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс формасында кадрларды дайындау барысында бағалау фактісі қажет», - деп түйді Үкімет басшысы.