Алдағы жылы Ақтөбеде үлкен көліктік-логистикалық орталықтың құрылысы басталады

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда төрт мегаполис болуы керек, яғни Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе. Ақтөбеде осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Дағдарысқа байланысты тоқтап қалған жоқ. Арнайы қабылданған бағдарлама бар. Осыған сәйкес тиісті жұмыстар жүріп жатыр, сондай-ақ келешекте де жалғасын табады», - деді өңір әкімі.
Сонымен қатар Б. Сапарбаев облыстағы көліктік байланыстарды дамыту мәселесіне тоқталды.
«Еуропаға қарай негізгі көлік ағымы Ақтөбе арқылы өтеді. Сондықтан біз осы мүмкіндікті толықтай пайдалануымыз керек. Біз қазір «Қазақстан темір жолы» компаниясымен тиісті жұмыстарды жасап жатырмыз. Осы бағытта үлкен көліктік-логистикалық орталық құру қарастырылуда. Жақында бұл компанияның президенті Асқар Мамин өңірге келіп, онымен тиісті меморандумға қол қойдық. 27 қарашада бізде үлкен инвестициялық форум болатыны белгілі. Сол кезде де ҚТЖ басшысымен тағы да кездесіп, келісімдерге қол жеткізбекпіз. Бұйыртса, келесі жылдан бастап осы орталықтың құрылысын жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді облыс әкімі.